Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бұған дейін кінәсін мойындаған Тұңғышбай Жаманқұлов енді сөзінен бас тартты

Тұңғышбай Жаманқұлов тағы сөзінен тайқып шықты. Бюджеттің 69 миллион теңгесін жеді деген атақты актер өзіне тағылған айыпты басында мойындап, енді онымен келіспеймін деп отыр, деп хзабарлайды КТК арнасы.

941738

Бүгінгі сотта Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған 9 адамға қатысты айыптау қорытындысы оқылды. Онда сол күйі түсірілмей қалған «Феникс» фильміне бөлінген қаржының қалай ұрлағаны бүге-шігесіне дейін қамтылған. Прокурордың айтуынша, Жаманқұлов ақшаның басым бөлігін жалған келісім-шарттар жасап, жекелеген компаниялар арқылы жымқырыпты.

69 миллион теңгені қалтасына басқанын Жаманқұловтың өзі де бұған дейін мойындаған болатын. Тіпті 6 миллионын мемлекетке қайтарып беріп, қалған бөлігін де өтеуге уәде еткен. Алайда аяқасты сөзінен айныған Қазақстанның халық әртісі бүгін өзіне тағылған айыппен келіспейтінін жеткізді. Бірақ Жаманқұловтың өзі де, адвокаттары да әзірге бұған қатысты түсініктеме беруден бас тартып отыр.

Естеріңізде болса, Тұңғышбай Жаманқұлов ақша жымқырды деген айыппен ұсталған болатын. Актер өз кінәсін толықтай мойындап, кеткен шығынды өтеуге уәде еткен. Осының алдында ол президентке видео үндеу жолдап, араша түсуін сұраған еді. Жаманқұлов ақша жымқыру дерегін және оның өз жеке басына жұмсалғанын мойындаған. Сондай-ақ, ол өзін қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы өтініш те түсірген. Одан кейін танымал актер ұрланған 6 миллион теңгені мемлекетке қайтарып берді.

Талқылау