Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Будапештте өткен дзюдодан әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы жүлдесіз қалды

Фото: olympic.kz

Дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасы Будапешт қаласында өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында жүлде ала алмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ел намысын қорғаған спортшылар жарыстың ерте кезеңдерінде жеңіліп, жүлдегерлер қатарына ене алмады.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күрескен Мағжан Шамшадин ширек финалға дейін жетті. Алайда ¼ финалда Париждегі олимпиада ойындарының қола жүлдегері жапондық Рюдзю Нагаямаға жеңіліп, жұбаныш белдесуіне шықты. Өкінішке қарай, ол белдесуде де Мағжан қарсыласынан ұтылып, жарысты 7-орынмен аяқтады. Дәл осы салмақта белдескен тағы бір қазақстандық спортшы Шерзод Давлатов бірінші айналымда-ақ ұтылып қалды. Ол Оңтүстік Корея өкілі, әлем чемпионатының екі мәрте жүлдегері Ха Рим Лиден айласын асыра алмады. 

Ерлер арасында барша күрес жанкүйерлері 2024 жылғы Токио олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтан жүлде  күтті. 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен отандасымыз жарысты жақсы бастады, тіпті, медальға да жақын болды. Қырғызбаев ширек финалға дейін сүрінбей жетті. Жартылай финал үшін өткен кездесуде қазасқтандық балуан Тәжікстан спортшысы, 66 келі салмақта рейтингте бірінші орында тұрған Нұрали Эмомалиден жеңіліп қалды. Қарсыласы ақтық кезеңге жолдама алған соң Қырғызбаев жұбаныш белдесуге өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Алайда бұл кезеңде қазақстандық спортшыны екі дүркін олимпиада жеңімпазы, төрт рет әлем чемпионы атанған жапонның жарық жұлдызы Хифуми Абе күтіп тұрған еді. Күншығыс елінің өкіліне Ғұсманның шамасы жетпеді. Осылайша олимпиада ойындарының жүлдегері бұл әлем чемпионатын 7-орында аяқтады.

73 келіде сынға түскен Есет Қуанов тұңғыш рет қатысқан әлем чемпионатында алғашқы айналымнан аса алмады. Ол Париж олимпиадасының күміс жүлдегері француз Жоан-Бенжамен Габаға есе жіберді.

Жарыстың төртінші күнінде ел намысын қорғауға татамиге шыққан 81 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жұбаназар 1/8 финалда жеңіліп, келесі кезеңге өте алмады.
90 келі салмақта Мейірлан Максим де алғашқы белдесуінде жеңіліп, жарысты ерте аяқтады.

Алтыншы жарыс күні боз кілемге қазақстандық екі балуан шықты. Бірақ бұл жолы да көк жәшікке телмірген жанкүйерлер медальдың сыңғырын ести алмады. 100 келіге дейінгі салмақта Нұрлыхан Шархан жарыстың бірінші кезеңінде ұтылды. Дәл осы салмақта сынға түскен Марат Байкамуров 1/8 финалға дейін жетті. Алайда ширек финалдық жолдамаға таласта олимпиада чемпионы әзірбайжандық Зелим Коцоевтан жеңіліс тапты.

Жарыстың соңғы күнінде аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев та бірінші белдесуінде қарсыласынан жеңіліп қалды.

Осылайша, Қазақстан құрамасы сапынан тек Шамшадин мен Қырғызбаев 7-орын иеленді. Қалған ерлер спортшылары үздік сегіздікке де ене алмады.

Айта кетейік, Қазақстан қоржынына жалғыз жүлдені қыздар арасында 48 келі салмақта Әбиба Әбужақынова салды. Отандасымыз ақтық сында италиялық Ассунта Скуттодан жеңіліп күміс медаль еншіледі.

Абылайхан Палмағанбет
Бейсенбі, 19 Маусым, 2025 21:04
Талқылау