Бұдан былай мемлекеттік қызметкерлердің алған сыйлығы да пара деп есептеледі
Сыйлық алғанды кім ұнатпайды. Дегенмен де, арамызда оны қабылдауға құқығы жоқ адамдар бар. Ол – мемлекеттік қызметшілер. Қанша жерден мінсіз еңбек етіп, қыруар шаруа тындырып жатса да оларға ешкімнен, ешқашан сыйлық алуға болмайды.
Тіпті қалам-дәптерді меншігінде қалдырса пара ретінде бағаланып, жауапқа тартылады. Сонда қайтпек? Қой дегенге көнбей берілген кәдесыйлары қайда? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Тосынсыйлар үшін де мемлекеттік қызметші жауапқа тартылып, тіпті қамауға алынуы ықтимал. Біреуге залалыңыз тимесін десеңіз, «рақмет» айтумен шектелгеніңіз абзал.
«Мемлекеттік қызметкерге сыйлық алуға тыйым салынады. Егерде 2 айлық есептік көрсеткішке жетсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер одан асса қылмыстық жауапкершілік қарастырылған» – дейді Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет істері жөніндегі агенттік департаментінің жетекшісі Айгүл Байханова.
Қазір, бір айлық есептік көрсеткіш – 2 405 теңге. Демек, 5 мың теңгеден аспайтын зат үшін абыройдан айрылып, қызметтік мансабыңға нүкте қоюың әбден мүмкін. Сондықтан алған сыйлығыңды 168 сағатта, яғни 7 күннің ішінде арнайы қорға апарып табыстауға міндеттеледі.
«Біз барлығын тапсырамыз. Өзіме, орынбасарларыма сыйға тартылған заттарды қол қойып тұрып, қорға бердік. 100 пайыз. Бірде біреуін алуға заңды құқықығы жоқ» – ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Қай министр болмасын, ырымдап берген қалам-блокноттың өзін қорға қайтарамыз деп ағынан жарылуда. Мысалға, Жеңіс Қасымбек сыйлықтардың өте көп келетінін мойындайды. «Бірақ ешқайсысын ашып та көрмедім» – дейді. Жалпы астаналық шенеуніктердің тәркіленген және ерікті түрде тапсырылған заттары жалға алынатын мына қоймада жатады.
«Астана қаласы бойынша мемлекеттік арнайы қорға сыйлықтың 56 түрі түсті. Оның жалпы сатылу құны 700 мың теңгеден асады. Олардың ең қымбаттысы қытайлық ыдыс жиынтығы – 51 000 теңге, ең арзаны қолға арналған крем – 300 теңге» – ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік департаментінің бөлім жетекшісі Ернұр Қайырбек.
Былтыр мемлекеттік қызметкерлер құны 3 млн болатын 300-ден астам затты табыстаған. Бірінші орында астаналық шенеуліктер болса, екінші орында оңтүстік қазақстандықтар. Ал мүлде сыйлық өткізбегендер Атырау өңірінің мемлекеттік қызметшілері екен. Мүмкін, алмаған да болар. Ал, қордың тарихындағы ең қымбат сый – қанжар болған. Жалпы ақжағалыларға табысталған заттар қоймада көп жатпайды. Оны кәдеге жаратудың екі жолы бар.
«Бағаланады бұл сыйлық. Содан басқа госоргандарға порталмен тегін ұсынылады. Порталда ешқай госорган алғысы келмесе, онда ол ашық аукционға шығарылады. Сосын ол сатылып, ақшасы бюджетке аударылады» – ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік мүлік департаментінің бөлім жетекшісі Ернұр Қайырбек.
Сатылатын заттар жайында ақпаратты мемлекеттік мүліктер порталынан біле аласыздар. Оған кез келген адам қатыса алады. Бағалары қолжетімді. Егер де қызығушылық төмен болса, құны екі есе арзандайды. Тіпті болмаса, бір теңгеге бере салуы да мүмкін.
Тағы оқыңыз:
Астанада мұқабасы адам терісінен жасалған кітап халықты таңғалдырды
Қарағандылық қария сыртқы киімсіз жүрсе де қырық градус аязда тоңбайды
Елімізде қатты аяздың соңы қарлы боран мен көк мұзға айналады