Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бригадаға тас лақтырып, адамдар жолға жатып алды": Қазақстандықтар арасындағы радиофобия байланыспен қамту жұмыстарына қалай кедергі келтіруде

Бүгінде халық арасындағы радиофобия тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлем елдерінде байланыстың дамуына айтарлықтай кедергі келтіруде. Соңғы жылдары пандемия мен 5G желісінің пайда болуы халықтың қорқынышын одан сайын арттырып жібергендей. Тіпті, көршілес ресейліктер байланыстың нүктесі – базалық станцияларды өртеуге дейін барған. Дегенмен халықтың үрейі қаншалықты орынды?  

Радиофобия — иондаушы сәулелену мен иондалмайтын электромагниттік сәулеленудің әртүрлі көздерінен қорқу. Бұл емдеуге қиындық тудыратын нейро-соматикалық психикалық және физиологиялық ауытқулардың біріне жатады.
Әлемде радиофобиясы бар жандар кез келген нақты немесе болжамды сәулелену көздерінен үрейленеді. Бұған ұялы базалық станциялар, антенналар мен микротолқынды пештерді мысал ете аламыз.
Айта кетсек, бұған дейін ҚР премьер-министр Әлихан Смайылов елімізді цифрландыру қарқынын сынға алған болатын. Өз кезегінде бұған жауапты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұған қазақстандықтар арасындағы радиофобия себеп екенін айтқан. 
Қазіргі таңда байланыс операторлары мен мемлекеттік органдар ұялы байланыстың қауіпсіздігін түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Дегенмен радиофобия жетегіндегілердің ұстанымы қалалар мен елді мекендеріндегі байланыс сапасының дамуына кері әсерін тигізуде. Салдарынан Қазақстандағы ұялы байланыс операторлары станцияларының бестен бірі радиофобияға байланысты жойылуда.
 

Адамдарға мәселенің басты себебін станцияларға артып қою жеңілірек

Мәселен, Қазақстандағы ең ірі байланыс операторы – Beeline компаниясының өкілдері пандемия кезінде вирустың тарауын адамдар 5G желісінен көргенін жасырмады. Тіпті қай жерде осындай мұнаралар көп болса, сол жақта ауру өрши түседі деген сынды қауесеттер де айтылыпты. Сәйкесінше, мұның барлығы операторға ауылдарды байланыспен қамту жұмыстарына кедергі келтірген. 

Руслан Аюпов 2

Алматы филиалының техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Руслан Аюпов

“Егде жастағы жергілікті тұрғындар қан қысымы түсіп не көтеріліп жатса, базалық станцияларға кінә артып жатады. Түптеп келгенде, мұның барлығына дұрыс тамақтанбау, экологиялық жағдай әсер етіп жатқанын ескермейді. Тіпті, кей өңірлерде жұрт біздің бригадаға тас лақтырып, бірнеше адам жиналып орнатқыш кранды өткізбеу үшін жолға жатып алған сәттері болды. Ал құрылғыларды крансыз қол күшімен көтеру мүмкін емес. Кейде мәселенің түйінін шешуге болады, бірақ жұмысты тоқтатып, құрылғыларымызды алып кетуге тура келетін сәттер де баршылық. Себебі ашулы адамдармен төбелесіп тұра алмаймыз. Адамдарға мәселенің басты себебін станцияларға артып қою жеңілірек", – дейді Beeline-ның Алматы филиалының техникалық қызмет көрсету бөлімінің басшысы Руслан Аюпов.

Маман халық арасындағы радиофобия кеше пайда болған дүние емес екенін тілге тиек етті. Заман дамып, жаңа технологиялар пайда болған сайын айтылатын алып-қашпа әңгімелердің өрісі де кеңейе түскен. 

"Ең қызығы, базалық станциялардың тарататын сигналдарынан қорқатын адамдардың бірі де ұялы телефоннан бас тартқан емес. Олар смартфондардың құрылымы байланыс мұнараларымен бірдей екенін түсінбейді. Сөйте тұра телефоннан бас тартпаса да мұнараларға қарсылықтарын танытып жатады. Ал әр үйдегі электрлі шәйнек пен микротолқынды пеш адам денсаулығына әлдеқайда зиян", – дейді ол. 

Бұл ретте техникалық маман станциялардың зияны жоқ екені дүниежүзі ғалымдары дәлелденген дүние екенін алға тартты. Оның үстіне мұнаралар орнатылар кезде барлық сертификаттаудан өткен, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, сапалы жабдықтар пайдаланылады.

Бір станцияны орнатудың өзі – күрделі жұмыс

Сонымен қатар компания өкілі базалық станциялардың орнатылуына о баста қарсылық білдіргендер кейіннен байланыстың нашарлағанына шағымданып жатады дейді. Өз кезегінде бұл жағдай байланыс операторының айыппұл арқалауына әкеп соғатын көрінеді. 

"Ұялы байланыс технологиясы 3G-де жоғары сапалы жұмыс істеу үшін базалық станциялардың ауқымы 500 метрге жетуі керек деп болжанған. Ал 4G үшін бұл көрсеткіш 400 метрге тең. Егер осы ара қашықтық болмаса, онда сигнал сапасы айтарлықтай төмендейді. Ал халық болса, керісінше базалық станцияларды алысқа орнатуды талап етіп жатады", - дейді маман. 

Бұл тұрғыда ол бір байланыс станциясын орнату үшін 6 айдан 9 айға дейін уақыт кететінін сөз етті. 

"Бұл - алдымен мұнараны орнататын орын тауып, жоспарлаушылар күрделі математикалық есептеулер жүргізіп, жердің иесімен келіссөздер жасалып, аспаптық өлшемдер мен барлық бақылаушы органдар мен тұрғындардан рұқсат алуы керек күрделі жұмыс. Алайда халық арасындағы радиофобия бұл еңбекті зая етуде. Радиофобияның салдарынан біз базалық станцияларды орнату бойынша бір жылдық жоспарымыздың 30-40% орындай алмай жатамыз – бұл өте өкінішті", - дейді компания қызметкері.

Базалық станциялар расымен де радиоактивті сәулелер шығара ма? 

Алматыдағы түрік-қазақстандық “Хелмир” емханасының радиациялық онколог маманы Азамат Хекимоглу бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сымсыз технологияның денсаулыққа зияны жоқ екенін толықтай тәжірибелермен дәлелденгенін мысалға келтірді. 

“Хелмир” емханасының радиациялық онколог маманы Азамат Хекимоглу

“Қолымызда бар ғылыми дәлелдерге сәйкес ұялы телефондардан, ұялы мұнаралардан, антенналардан және 5G құрылғыларынан әсер ететін радиожиілік электромагниттік өрістердің төмен деңгейінің әсері денсаулыққа қауіп төндірмейді. Әрине, рентген сәулелері, гамма-сәулелері және ультракүлгін (УК) сәулелер сияқты күшті (иондаушы) сәулелердің қатерлі ісік ауруын тудыратыны жалған емес. Алайда біз күдіктеніп отырған ұялы телефондар мен мұнаралар шығаратын радиожиілік электромагниттік өрістер сәулеленудің мұндай түріне жатпайды. Сондықтан да оның денсаулыққа тигізер әсері болмайды. Бұл қарапайым AM/FM радио мен теледидар тарату сигналдарында қолданылатын энергия түріне ұқсас”, – дейді маман.

Конспирологтар коронавирустың Қытайдың Ухань қаласынан таралуын да 5G тарататын базалық станциялармен байланыстырған еді. Өз кезегінде олар қытайлық мегаполистің алғаш болып осы жүйені сынамақ болғанын сөздеріне дәлел ретінде келтірген. Алайда ДДСҰ зерттеулер жүргізе келе, COVID-19-дың тарауы байланыс мұнараларына мүлде қатысы жоқ екенін дәлелдеді. 

“Коронавирус пен ғылыми техникалар арасында байланыс жоқ екені ғалымдар дәлелдеген. COVID-19 тек адамнан адамға тарайды, бұл - факт. Байланыс мұнаралары толқындар мен жиіліктерден тұратындықтан құрылғы вирус таратады деу тіптен миға сыймайтын ақпарат”,- деді Азамат Хекимоглу. 

Маман желілерде таратылатын түрлі ақпаратқа емес, білікті мамандар мен ресми фактілерге сенуге шақырды.

Талқылау