Бразилия Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшіктерін талдауды аяқтады
Бразилияда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Әзірбайжан әуе компаниясының ұшағының қара жәшіктерін талдау жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі O Globo басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
"Екі қара жәшіктің мәліметтері алынып, тексерілді", – деп жазылған басылымда.
Аталған материалдарды Бразилиядан үш тергеуші, сондай-ақ Әзірбайжан мен Ресейден келген агенттер зерттеген.
O Globo газетінің хабарлауынша, Бразилия тарапы Қазақстан билігіне қажетті ақпаратты жіберген. Оны авиациялық апаттың қорытынды есебінде жариялайды.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі Ақтаудағы қайғылы оқиғаны толық әрі ашық тергеу үшін рейсті жазу құрылғыларын Бразилияға жіберу туралы шешім қабылдаған еді.
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Баку-Грозный бағыты бойынша ұшқан AZAL жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның ішінде экипаж мүшесі бесеу. Апат салдарынан 38 жолаушы қайтыс болды, 29 адам аман қалды. 30 желтоқсанда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) бұл оқиғаны мұқият және әділ тергеуге шақырды. Кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзірбайжан билігі құтқару операциясына қатысқан азаматтарды ерлік пен кәсібилігі үшін наградтады.