Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бозарып, суық тер басқан": Қарағандылық студент ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалды

Қарағандылық студент ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалдыФото: Видеодан скрин

14 қаңтар күні Астана-Шымкент бағытындағы SCAT әуе компаниясының ұшағында медицина университетінің 7-курс студенті Дінмұхаммед Шегебаев жолаушының өмірін құтқарып қалды. Ұшу кезінде ер адамның жағдайы кенеттен нашарлап кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Newtimes.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Сол күні Дінмұхммед Шымкенттегі туыстарына қыстық демалысқа кетіп бара жатқан. 24 жастағы студент кенет ұшақ салонының абыр-дабыр болып кеткенін, ұшқыштың жолаушылардың арасынан медициналық көмек көрсете алатын дәрігер іздеп жатқанын естіген. 

“Бір жолаушының жағдайы нашарлап кетіпті. Есінен танып, бозарып, денесін суық тер басқан. Бірде жағдайы одан сайын нашарлап, ұстамасы басталды. Алдымен менен де тәжірибесі көп әріптестерім табылар деп жан-жағымнан іздей бастадым. Бірақ ешкім болмаған соң жағдайды өз қолыма аламын деп шештім. Бірінші науқастың жағдайын байқап көрдім: есін қаншалықты біліп жатыр, тыныс жолдарының өткізгіштігі, тынысы, пульсі мен артериялық қан қысымын тексердім. Науқасты қауіпсіз қалыпқа келтіріп, экипажға оның жағдайдың аса ауыр екенін айттым және әрі қарай медициналық көмек көрсеттім. Ұшақ бортында қолжетімді жағдайларда алғашқы шұғыл медициналық шаралар көрсетілді: тыныс жолдарының өткізгіштігін бақылау және көмектесу, өмірлік маңызды көрсеткіштерді тексеру, мүмкіндік болған жағдайда оттегін беру, қолда бар құралдармен құрысуға қарсы шаралар жүргіздім, сондай-ақ жағдайға қарай тактиканы түзете отырып, науқастың хал-жағдайын үздіксіз бақыладым”, – дейді болашақ дәрігер Дінмұхаммед Шегебаев.

Алғашқы көмектен кейін науқастың жағдайы бір қалыпқа келіп, ұстамасы тоқтаған. Алайда сонда да науқас ауыр жағдайда еді. Жолаушыны ұшақ қонған сәтте медицина қызметкерлеріне тапсыру керек болды.

Дінмұхаммед науқсты дәрігерлерге тапсырып жатып оның денсаулық жағдайын толық баяндап, оған қандай көмек көрсеткенін айтты. Студенттің сөзінше, Дінмұхаммедтің шұғыл көмек көрсетуге еті үйренген. Стационардағы жұмысы кезінде көптеген науқастар жедел көмекке зәру болып келеді дейді ол. Борттағы науқасқа көмектескен кезде де ол қорықпай әрі сенімді әрекет етті. 

“Шұғыл жағдай кезінде ойлануға уақыт жоқ. Саған үйреткен нәрселерді жасап, өзіңе жауапкершілк аласың. Мен білімім мен клиникалық тәжірибеме сеніп, автоматты түрде әрекет еттім. Не жағдай болғанын кейін ұғындым, эмоция бәрі аяқталған соң келді. Бұл менің дұрыс жолды таңдағанымды тағы бір рет дәлелдеді. Дәрігер – адам жағдайға және оның қайда болып жатқанына қарамастан кез келген сәтте көмекке келетін мамандық”, – дейді 24 жастағы студент.

Дінмұхаммед Түркістан облысы, Төле би ауданы,ғ Достық ауылының тумасы. Қазір ол Қарағанды медициналық университетінің 7-курс студенті. Сондай-ақ профессор Х. Мақажанов атындағы көпбейінді ауруханада мейіргер болып жұмыс істейді. 

Айым Болатқызы
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 15:59