"Бөтелкеге сие сал": Қазақстандық қыз 6 жасар баланы кинотеатрға кіші дәретке отырғызған ата-анаға ашуланды
Фото: freepik.com
Астанадағы ASIA PARK кинотеатрында қала тұрғыны Еркежан мен оның жігіті үшін фильм күтпеген жайтпен аяқталды. Артқы қатарда отырған 6 жасар бала қыздың үстіне дәрет сындырып, оның киімін де, еденді де былғаған. Жаға ұстатарлық жағдайға қарамастан, әкесі тек салфетка ұсынып, анасы "бала ғой" деп ақталған. Қыз ашуға булығып, әкімшілікке жүгінуге мәжбүр болған. Оқиға желіде қызу талқыланып, жұртшылық ата-аналардың жауапкершілігін қатты сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астанадағы ASIA PARK ойын-сауық орталығының кинотеатрында көпшілікті таңғалдырған оқиға болды. Қала тұрғыны Еркежан жігітімен бірге кино көруге барған. Әдеттегідей өз орындарына жайғасып, фильмді тамашалап отырған кезде күтпеген жағдайға тап болған.
"Кенет артқы жағымнан әңгіме естілді. "Сигің келіп тұр ма? Мә, бөтелкеге сие сал". Не айтып жатқанын, кімге қаратып айтқанын түсінбей, аң-таң күйде отырдым. Әрі ол сөздер тура артымнан шыққан соң одан бетер абдырап қалдым. Ештеңе білдіртпей, сыртқы былғары куртканы шешейін деп едім, оң қолымның да, жеңімнің де су болып қалғанын сездім. Алғашында түсінбей, "мына су қайдан болды?" деп ойладым. Сол сәтте ғана жағдайдың неден екенін ұқтым…", – деп жазды Еркежан.
Еркежан фонаригін қосқанда, бүкіл оң жағы дәретке малынғанын көрді. Былғары курткасы да, қолы да суланып, еден түгел ластанған еді.
"Артыма қарасам, кәдімгі қазақ отбасы отыр екен. Оларға жарықты түсіріп, "Сендер өздеріңді дұрыс сезініп отырсыңдар ма? Не істеп жатырсыңдар өзі? Бүкіл киімім дәретке шыланып тұр, түсінесіңдер ме?" дедім. Сонда үйдің әкесі әйеліне қарап "Салфеткаң бар ма? Берсейші" дейді. Әйелі барып салфетка әкелді. Аң-таңмын, жігітім де шок жағдайында тұр. Сөйтсем, артта отырған 6 жасар бала тура мен жаққа қарап сие салған екен…", – деді қыз.
Алайда ата-анасы "бала ғой, кешіріңізші" деп, жағдайды жеңілдетуге тырысқан. Оларды сөзі қызды одан әрі қатты ашуландырған.
"Жігітіммен бірге ашулы күйде сыртқа шығып, әкімшілікке шағымдандық. Админ кешірім сұрап, бізге басқа орын берді және салфетка ұсынды. Бірақ мен қайта барып әлгі әйелге "Баланы неге дәретханаға апармайсыз? Қалайша кинотеатрда сие береді? Оның үстіне бәрі маған шашырады ғой?" дедім. Шынымды айтсам, боқтап, шашын жұлып тастағым келді, бірақ қазір магний ішіп жүргендіктен мүлдем агрессиям шықпады. Ал ол болса тек "Бұл бала ғой, кешіріңізші" деп тұр. Сонда мен қуанып рақмет айтуым керек пе еді? Мынау сұмдық қой", – деп ызаланды Еркежан.
Қыздың айтуынша, орындарын ауыстырған соң да тыныштық болмаған. Артқы қатарда отырған тағы бір отбасы екі жасар шамасындағы балаға телефоннан YouTube қосып, дауысты қатты шығарып қойған.
Бұл жағдай одан сайын ашуын күшейтіп, ол бүкіл сеанстан кейін ұл балаларға да, жалпы балаларға да жеккөрінішпен қарай бастағанын мойындады. Еркежан мұндай көріністерді астанадағы мәдениетсіздік пен деградацияның айқын мысалы ретінде қабылдап, болған оқиғадан қатты көңілі қалғанын жасырмады.
Желіде оқырмандардың пікірі екіге жарылып, бірі ата-анасы сөксе, енді бірі бұлай “ауылдық”, “қазақтар” деп бөлуі жөнсіз екенін айтады. Осы ретте makkenziii_ деген оқырман қазір балаларды киноға апару қашан бері сәнге айналғанын айтып, ашуланды.
"Олар айқайлап, бір жерден бір жерге жүреді, қатты сөйлейді, мультфильм қарайды. Біз әрқашан кешкі сеанстарға барып, тек ересектерге арналған фильмдерді көреміз. Кешке мульфильмдер болмайды", – деп арызданды makkenziii_ есімді оқырман.
Ал batyrovaaizhan да "мәдениет жоқ", "қазақ десем өзіме тиеді" деп наразылығын білдірді.
"Анасының жалқаулығы ештеңені ақтамайды. Бала 6 жаста, оны дәретханаға шығару керек еді. Әкесі, тіптен, қызық адам екен. Жай ғана "салфетканы берші" деуі көңіл түсіреді", – деді batyrovaaizhan.
kamilya_o.k.z да кинотеартда дәл осыған ұқсас жағдайды айтып берді. Оның айтуынша, бала үлкен дәретін шыдай алмай, шығарып қойған жайттар да болғанын еске салды. Ата-анасы шығаруға ерініп, шыға берістегі қоқыс жәшігіне тастап кеткен екен. Бұдан бөлек әлеуметтік рейтинг енгізу арқылы мәдениетсіз адамдардың үлкен қалаларға келуін шектеу идеясына қолдау білдірушілер болды.
Ал басқа оқырмандар посттағы "типтік қазақ отбасы" деген пікірге наразы болды.
"Иә, ата-аналардікі бұл жағдайда 100% дұрыс емес. Бірақ сіздің ақпаратты ұсыну тәсіліңізден өзімді жайсыз сезініп отырмын. "Дәстүрлі қазақ отбасы" дегеніңізбен, сіз тек қана типтік қазақ отбасылары осындай нәрселерге рұқсат береді деп ойлайсыз ба. Ал типтік орыс, ұйғыр, корей отбасылары олай етпейді ме? Бәрін бірдей топқа салып қойдыңыз ба? Екінші жайсыздық "ауылдықтар". Сізге қарай ауылдан шыққан адамдар мәдени болмайды деп ойлайсыз ба, бәрі сондай бола ма?" – деді minersity есімді аккаунт қолданушысы.

"Суды артық пайдаланса, тариф 30% қымбаттайды": Қазақстандықтар су нормасы туралы жаңа ережеге қарсы шықты
