Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Болжап қайтеміз?”: Роман Скляр Нұр-Сұлтан атауын өзгерту туралы ұсынысқа көзқарасын білдірді

ҚР премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр үкімет отырысында елорданың атын өзгерту туралы ұсынысқа өз көзқарасын білдірді. Ол бұл ұсыныстың көптен бері талқыланып келе жатқанын және ол назар аударуға тұрарлық мәселе екенін атап өткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Бұл ұсыныс қоғамда көптен бері талқыланып келе жатыр. Оның назар аударлық мәселе екеніне дау жоқ. Менің ойымша, қоғам талқысынан кейін ол парламентте қаралатын болады”, - деді Роман Скляр.

Ол қоғамның әсерін байқап көру үшін күте тұруды ұсынған.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары ел азаматы ретінде оның да өз пікірі барын, бірақ оны әлі айта алмайтынын жеткізген. Сөзінше, ол әлі жан-жақты пайымдауы қажет.



“Мен де барлығы секілді Қазақстан Республикасының азаматымын. Әлбетте, менің де өз пікірім бар. Мұны сіздерге мемлекеттік қызметкер ретінде емес, Қазақстанның азаматы ретінде айтып отырмын, мүмкін кейін айтып берермін. Дұрысы күте тұрайық”, - деп түсіндірді Скляр.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Нұр-Сұлтан атауын өзгертудің құнына қатысты сұраққа жауап бере алмағанымен, мұның бюджетке үлкен салмақ түсірмейтініне сендірді.

“Есептеу қажет. Қоғамдық сұрақ бар. Бұл ұсыныс күні кеше ғана түсті. Шамамен қанша қаражат екенін айта алмаймын. Болжап қайтеміз?”, - деді Әлібек Қуантыров.

Еске салайық, 2 қыркүйек күні “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобы елордаға Астана атауын қайтаруды ұсынған еді.

Талқылау