Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Боливияда ұшақ апаты болып, жолаушылар аллигатор мен анакондалардың арасында қалып қойған

Фото: Боливияның азаматтық қорғаныс министрінің орынбасары

Боливияда ұшақ апаты болып, ұшақ анаконда мен аллигаторлар бар лагунаға құлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Independent.co.uk сайтына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ұшақта ұшқыш пен төрт жолаушы болған. Оның біреуі – алты жасар бала. Оларды Андтың солтүстік-шығысында 36 сағаттан кейін құтқарды.

Дәрігер бес адамның есін жиғанын және олардың жағдайы қалыпты екенін айтты. Тек баланың 37 жастағы тәтесі ғана басынан жарақат алған. Қалғандары жеңіл химиялық күйік, сырылу, көгерген жарақат алған және бүкіл денесін жәндіктер шағып, инфекция жұқтырған.

27 жастағы ұшқыш Пабло Андрес Веларде лагунада қалған кезде көрген сұмдықтарды айтып берді.

“Масалар ұйқы бермеді. Аллигаторлар мен жыландар бізді түні бойы бақылап тұрды, бірақ олар жақындай алмады", – деді ол.

Орталық және Оңтүстік Америкада өмір сүрген каймандардың (аллигатордың бір түрі) шабуылдамағанына таңданды. Пайымдауынша, бауырымен жорғалаушылар ұшақтың сынықтарынан ағып жатқан авиакеросиннің иісінен үркіді. 

Велардың сөзінше, олар әйелдердің бірі тіскебасар ретінде әкелген маниок ұнын жеп аман қалған. 

Ұшақ қалай апатқа ұшырады?

Кішкентай ұшақ сәрсенбіде Боливияның Баурес ауылынан оңтүстікке қарай Тринидад қаласына бет алды. Бірақ небәрі 27 минуттан кейін ұшақтың жалғыз қозғалтқышы өшіп қалды. Велард өзінің әріптесіне жақын арада болатын апат туралы радио арқылы хабарлағанын айтты.

Салдарынан ұшақ жерге құлап, төңкеріліп, борттағы барлық адам жарақат алды.

Ұшақ су астында қалғанда, олардың бесеуі фюзеляждың жоғарғы жағына көтеріліп үлгерді. Осылайша каймандар мен анакондалардың қоршауында және масалардың, басқа да жәндіктердің қоршауында екі түн түнеді.  

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 06 Мамыр, 2025 16:08
Талқылау