Болат Сыздықовтың неден қайтыс болғаны белгілі болды
Мамырдың 7-сі күні “Мюзикола” тобының солисі Болат Сыздықов дүниеден озды. Қаралы хабар музыкашы тыңдармандарының жүрегін қарып өткен-ді. Оның өліміне тромбтың үзілуі себеп болған екен.
Фото: glamurchik.tochka.net
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Қайғылы оқиға санаулы секунд ішінде болған. Сыздықов жедел жәрдем келіп үлгергенше өмірден өтеді. 60 жылдық мерейтойына небәрі бір жарым ай уақыт қалған болатын.
Басында Қарағанды филармониясы, кейін әйгілі “Гәкку”, “Гүлдер”, “Арай” сынды ансамбльдердің мүшесі атанады. Алайда Болат Сыздықов танымалдылыққа 90 жж ғана қол жеткізеді. Бұл кезде ол Карина Абдуллинамен “Мюзикола” дуэтін құрған болатын. Топ 25 жылға жуық уақыт өмір сүрді.
“Ол мен үшін ең жақын адамым, сырлас досым болатын. Біздің қарым-қатынасымыз достық, туысқандық, отбасылық байланыстардан асып түсетін. Біз екі жарты, бір бүтін болдық десем де болады. Болат бір жерге менсіз барса, одан “Карина қайда?” деп немесе мен жалғыз жүріп қалсам, “Болат қайда?” деп сұрайтын. Егер менің өмірімде Болат болмаса, мен бүгінгі Карина болмас едім”, – дейді әнші.
Болат Сыздықов Алматыдағы Кеңсай қорымына, бір жыл бұрын қайтыс болған Батырхан Шүкеновтың жанына жерленді. Қаралы жиынға келген жұрт артиске арналған соңғы шапалақтарын соғып, ақтық сапарға шығарып салды. Табыт жанында оның өнердегі серігі Карина Абдуллина Сыздықовтың тастамай киетін қара шляпасын кеудесіне басып жүрді. Ал музыканттың 12 жыл бойына қолынан тастамаған гитарасын Ринат Гайсин ұстап жүрді.
Оқи отырыңыз:
“Мюзикола” тобының солисі Болат Сыздықов өмірден өтті
Өнер жұлдыздары Болат Сыздықовтың жақындары мен тыңдармандарына көңіл айтты (фото)
Алматыда өнер сүйер қауым Болат Сыздықовты ақтық сапарға шығарып салды