Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқу ақысын мемлекетке қайтаруы керек": Болашақ бағдарламасының түлектері депутат сынына қатысты пікір білдірді

Жақында депутат Айгүл Жұмабаева Үкімет сағатында "Болашақ" бағдарламасына қатысты проблемаларды айта отыра, оның тиімділігіне күмән келтірді. Депутаттың айтуынша, "Болашақ" бағдарламасымен оқитын студенттердің бір жылдық оқу құны 35 миллион теңгені құрайды. Ол 29 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бағдарлама түлектерінің арасынан елімізге қажетті маман табылмай отырғанын айтты. Stan.kz тілшісі осы мәселе бойынша “Болашақ” бағдарламасы түлектерінің не ойлайтынын сұрап білді.

Депутат Айгүл Жұмабаева Қазақстан әлі күнге дейін шетелдік мамандарға зәру екенін баса айтты. 

“Мыңға жуық "Болашақ"  түлектері арасынан 200 қажетті маман табылмай, мемлекет тағы да жалақысы қазақстандықтардан бірнеше есе жоғары шетелдіктерді тартуға мәжбүр болса, бұл бағдарламаның тиімділігі мен пайдасы туралы мәселе көтеретін кез келген шығар?”, – деді Айгүл Жұмабаева. 

Депутат пікіріне байланысты "Болашақ" бағдарламасының түлектері өз ойларын ортаға салды. Бірі даттады, енді бірі депутатты жақтады. Мәселен, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова әлеуметтік желідегі парақшасында бағдарлама жайлы ойын білдіріпті.

 Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова

“"Болашақ" бағдарламасы бойынша оқыған мамандар бола тұра, шетелден кадр тарту мәселесіне біржақты көзқарастың айтылғаны өкінішті. "Болашақ" бағдарламасы – өңірлік Жоғары оқу орнында оқып жүріп, одан да биік сапаға ұмтылуға болатынын, шет тілінде ғылыми еңбек жазу мүмкін екенін, мемлекеттің талантты жастарға қолдау білдіретінін көрсеткен, одан әрі дамуға ынталандырған бірден-бір құрал. Шындығында, еңбек нарығында мамандардың жетіспеушілігі, шетелдік кадрларды тарту мәселелері жан-жақты зерттеуге сұранып тұр. "Болашақ" бағдарламасының экономикалық әсеріне келер болсақ, оны бірнеше адамның нәтижесімен өлшеуге болмайтыны анық. Сондықтан оны өлшеудің бір ғана шешімі бар. Бағдарламаны тағы да зерттеу қажет. Бағдарламаның түрлі аспектілерін зерттеуді жалғастыру керек”, - деп жазды "Болашақ" бағдарламасының түлегі Лаура Қарабасова. 

Ал, Дағдарысты басқару жөніндегі маман Нұркен Халықберген ЖОО түлектері елімізде немесе шет мемлекеттерде білім алса да, кейін оқу ақысын мемлекетке қайтаруы керек деп санайды.

Дағдарысты басқару жөніндегі маман Нұркен Халықберген

“Мемлекеттің әлеуметтік салаға, оның ішінде білім саласына қыруар қаржы бөлетініне үйреніп қалдық. Білім алуға әрбір қазақстандыққа қаражат беруге болады, бірақ қайтарымдық негізде берген жөн. Әркім жоғары оқу орнына түскен ақшаны қайтару керек, пайызсыз негізде, тіпті 10-15 жылдан кейін де қайтарған жөн деп ойлаймын. 
"Болашақ" бағдарламасының түлектері жұмысқа қабылданбайды деп айтуға болмайды.  Бірақ университетті енді ғана бітірген жас мамандардың практикалық тәжірибесі мен білімі аз болады. Ал нақты экономикада құзіреттер мен практикалық дағдылар маңызды. Мемлекет "Болашақ" бағдарламасының түлектеріне осы тәжірибе мен білімді игеруге көмектесуі керек. Сонда ғана біраз уақыттан кейін жаңа деңгейдегі мамандар туралы айтуға болады”, -  деді Нұркен Халықберген.

Саясаттанушы Данат Жұмин аталмыш бағдарламаның болашағына зор сеніммен қарайтынын жеткізді. Айтуынша, “Болашақтың” болашақ жастарға берері мол. 

Саясаттанушы Данат Жұмин

“Егер маған  "Болашақ" бағдарламасын жабу керек пе деген сұрақ болса, мен оған қарсымын. Меніңше, бұл стипендияның елімізге қажеттілігі бар екені сөзсіз. "Болашақ" тек шетелде мамандар даярлайтын бағдарлама емес. “Болашақ” – жастарға арналған ең тиімді әлеуметтік лифт”, - деді Данат Жұмин.

Ал, QID тәуелсіз директорлар қауымдастығының бақылау кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов “Болашақ” бағдарламасына оң өзгерістер енгізіп, тек докторанттарды даярлау мақсатында шет мемлекеттерге оқуға жіберу қажет деп санайды.

QID тәуелсіз директорлар қауымдастығының бақылау кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов

 “1990-жылдары бағдарлама аясында шетелде білім алатын бакалавр деңгейіндегі жастар көп болды. Мәселен, сол жылдары 250 студент болса, кейін 10 жылдан соң олардың саны 3 мың адамға дейін артты. Бірақ олардың жартысы өзге елдің гранттарымен білім алды. Осылайша 10 жыл ішінде білім жүйесі мен студенттер саны да артты. Бағдарлама аясында, 2000-жылдары магистратура іске қосылды. Меніңше, магистранттар емес тек PhD мамандары ғана білім алып, тағылымдамадан өтсе дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, бағдарламаға өзгерістер енгізу қажет, дегенмен оны жабу дұрыс емес”, - деді Ерлан Әукенов. 

Биыл ғана Ұлыбританиядан бағдарлама аясында білім алған Әлішер Тезекбаев депутат Айгүл Жұмабаеваның пікірмен келіспейтінін жеткізді. Егер мемлекетке сұранысқа ие кадрлар қажет болса, жас мамандарға барлық жағдай жасалсын деп талап қойды ол. 

“Айгүл Жұмабаева "Болашақ" бағдарламасының қажеттілігіне күмән келтірді. Мен осы бағдарламаны биыл ғана Ұлыбританияда әлемнің үздік 100 университетінің қатарына кіретін Йорк университетінде оқып, сәтті аяқтадым. The Guardian рейтингісі бойынша "Мемлекеттік басқару" мамандығы Ұлыбританияда 7-ші орында тұр. Сондықтан "Болашақ" бағдарламасының тиімсіздігіне қатысты мұндай мәлімдемеге бей-жай қарай алмаймын. Еліміздегі мықты мамандардың болмауына "Болашақ" бағдарламасының тікелей қатысы жоқ, барлық кінәні оған арту – қателік. Бір жыл магистратура оқып келген талапкер экономикадағы барлық мәселені бірден шешпейді. Ол үшін атқарушы билік жас түлектің ел дамуына үлес қосуы үшін барлық жағдайды жасауы керек. Билік өз өкілеттігі мен мүмкіндіктері арқылы кадрларға көмектесуі қажет. Тек ортақ тандемде ғана экономиканың барлық салаларында кәсіби мамандардың берік қорын құруға болады”, - деді  "Болашақ" бағдарламасының түлегі  Әлішер Тезекбаев. 

М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма төрағасының орынбасары, бұрыңғы "Болашақ" Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті болған Айнұр Кәрібозова бағдарламаның 12 мыңнан астам түлектерінің арқасында Қазақстандағы білім саласы оң бағытқа өзгергенін айтты. 

М. С. Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университеті Басқарма Төрағасының Орынбасары Айнұр Кәрібозова

“Ғылым жүйесі дамып, заманауи мектептер, театрлар, IT, инновациялар жүзеге асуда. "Болашақ" шетелде білім алуды армандайтын мыңдаған қарапайым қазақ үшін бірегей мүмкіндік болып қала береді. "Болашақ" түлектері елімізге оралған соң ел игілігі үшін мақтанышпен еңбек етіп жатыр. Зерттеу нәтижелері бойынша, жұмыс берушілердің 90%-ы бағдарлама түлектерінің кәсіби қасиеттерін ғана емес, көшбасшылық, адамгершілік және коммуникативті қасиеттерін де жоғары бағалайды. 11 000-ға жуық түлектердің 52%-ы орта және жоғары буын басшыларына дейін өсті. Оның ішінде 10%-ы өз кәсіпорындарының басшылары. Бағдарлама стипендиаттары экономикадағы сапалы өзгерістер саласында: денсаулық сақтауда, адами капиталды дамытуда, мемлекеттік басқаруда, инновацияларды енгізуде және бизнес-процестерді оңтайландыруда, мәдениет пен өнерді дамытуға үлес қосып келеді”, - деді Айнұр Кәрібозова. 

Талқылау