Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Блогерлерге бірыңғай уақыт белдеуінің пайдасы туралы пост үшін ақша ұсынылған

Белгісіз PR-агенттік қазақстандық блогерлерге бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің артықшылықтарын айту үшін ақша ұсынып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hola News Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Атын атамаған PR-агенттік өкілдері блогерлерге пост үшін ақы төлеуге уәде берген. Оларға бірыңғай уақыт белдеуі туралы жағымды пост үшін дайын мәтіндер жіберіледі екен.

Блогердің айту керек басты сөзі – бірыңғай уақыт белдеуіне ауысу денсаулықты жақсартады, шаршауды азайтады және өмірді жайлы етеді.

Алайда келісілген нақты баға айтылмайды. Мұндай ұсыныстарды алған кейбір блогерлер ұсыныстан бас тартты. 

Медициналық психолог Евгений Ян TikTok аккаунтында мұндай ұсыныстар негізінен диетологтарға, жаттықтырушыларға немесе "кәсіби этика деңгейі төмен және ең сенгіш аудиторияға" арналған фельдшерлерге жасалатынын растады. 

"Бүгін бірнеше адам белгілі медиа-компаниялардың ұсыныстары туралы жазды. Ұсыныстың мәні қарапайым – ақша үшін жаңа уақыт белдеуінің пайдасы туралы ролик, сюжет немесе пост жазу керек. Уақыт белдеуінің әсерін зерттеуге бөлінген 56 миллионымыз осылай жұмсалған болса керек", – деді Ян.

Еске салайық, бұған дейін 19 қарашада премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді үкіметтің қолдағанын мәлімдеді. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек уақыт белдеуінің ауысуының қазақстандықтарға әсерін зерттеуден бас тартпайтынын, оған шамамен 100 млн теңге бөлінетінін айтты. Алайда зерттеу нәтижесіне қарамастан, уақыт белдеуін өзгерту туралы шешім өзгермейді деп мәлімдеді. Зерттеу 2025 жылдың қаңтарынан басталып, негізгі бөлігі сол жылы аяқталады. 22 қарашада eGov mobile қосымшасында уақыт белдеуіне қатысты сауалнама пайда болды, бірақ бірнеше күннен кейін алынып тасталды. Сандық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, 200 мың адамнан жауап алынған соң, сауалнама аяқталған.

Кейін денсаулық сақтау министрлігі уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеуге 50 миллион теңге бөлінетінін мәлімдеді. 

Талқылау