Блогер әуе компаниядан ақшасын қайтарып алу үшін өзін қағаз жүзінде "өлген адам" деп жариялаған
Фото: Instagram Max Fosh
Белгілі британдық блогер және әзілкеш Макс Фош әуе билетінің ақшасын қайтару үшін өз өлімін қолдан жасап, желіде қызу пікірталас туғызды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірнеше күн ішінде екі миллионға жуық қаралым жинаған видеода Фош рейс үшін 50,90 долларды (шамамен 26 мың теңге) қалай қайтаруға тырысқанын айтып берді.
Блогер билетті брондаудан бас тартқан кезде әуе компаниясы оған ақшаны қайтармайтынын жеткізген. Блогер компанияның атын атамады. Дегенмен кейіннен оның Ryanair әуе компаниясы екені анықталды.
Фош ережелерді мұқият зерттеген соң компанияның жолаушы қайтыс болған жағдайда билет құнын өтейтінін білген. Осылайша тәжірибені іске асыруға бел буған.
"Әуе компанияға тек өлім туралы куәлік керек. Бірақ оның қай елден алынуы тиіс екені нақты көрсетілмеген. Мен, басқа елден осындай куәлік алып, қағаз жүзінде "өлген адамдар" қатарына қосыла аламын ба, деп ойландым", – деді Макс видеосында.
Макс әртүрлі елдерге сұрау салғаннан кейін, Италияның солтүстігіндегі Себорга атты өзін-өзі жариялаған "тәуелсіз князьдіктен" жауап алады. Бұл шағын мемлекет өзін Италиядан тәуелсізбіз деп есептейді.
Себорганың билігі, соның ішінде ханшайымы Нина Менегатто, бұл жағдайға әзілмен қарап, Фошқа арнайы өлім туралы бір реттік куәлік беруге келіскен.
"Бақытыма орай, менің әуе компаниясымен күресім Себорганың тәуелсіздікке күресімен үндес болды. Сондықтан ханшайым "өлімге" арналған арнайы құжатқа қол қоюға келісті", – деді блогер.
Макс тіпті жалған жерлеу рәсімін де өткізген. Арнайы жалған қайғыратын адамдар жалдап, әріптесіне "жүрек тебірентерлік сөз" айтқызған. Содан кейін Себорга берген "өлім куәлігін" әуе компаниясына жіберген. Бес күн өткен соң, компания ақша қайтару өтінішін қарауға дайын екенін айтып, банк деректерін сұраған. Бірақ жағдай мұнымен бітпеді.
Фото: Instagram Max Fosh
Банк реквизиттерін жібермес бұрын, Фош адвокатпен кеңескен. Заңгердің айтуынша, бұл әрекет заң бойынша тікелей алаяқтық болмаса да, мәні жағынан – алаяқтық.
"Бұл заң тұрғысынан алғанда алаяқтық емес, бірақ бұл – алаяқтық сипатындағы әрекет", – деді заңгер.
Сол себепті Макс ақшадан бас тартып, бұл "лайфхакты" қайталамауға кеңес берді:
"Адвокат маған ашықтан-ашық ұрысты. Ол ақшаны алуға болмайтынын қатаң ескертті. Сондықтан мен осы жерден тоқтаймын. Өтінемін, мұны үйде қайталауға тырыспаңыздар", – деді Фош.
Видео көпшіліктің қызу талқысына түсті.
Кейбірі оның сатиралық тәсіліне риза болса, енді бірі тым ұсақ әрекет деп сынады. Өйткені Италияға сапар шығыны қайтарылған ақшадан әлдеқайда көп болғаны анық.
"Өз өліміңді қолдан жасап, адвокаттан заңды ма деп сұрағаныңыз қызық екен", "Сондай ұсақ адам екен. Ол басқа рейске билет алып, ескі рейске кеткен ақшасын қайтарғысы келді" , – деп жазды олар.
Айта кетейік, бұған дейін 77 жастағы зейнеткер дүние-мүлкін сатып круизбен саяхаттауға аттанғаны туралы жазған едік.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
