Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО әкімі "Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін саясатының нәтижелері: тарих пен тұлға" атты дөңгелек үстелге қатысты

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандырын еске алу күніне орай "Батыс Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін саясатының нәтижелері: тарих пен тұлға" атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға БҚО әкімі Нариман Төреғалиев қатысты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жиынды саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның жұмысын сүйемелдеу бойынша жұмыс тобының жетекшісі Жантас Сафуллин ашты.

"Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі Президенттің Жарлығын орындау мақсатында 2020 жылдан бастап арнайы жұмыс тобы қызмет етіп жатыр. Біз бүгін 2022 жылы жарық көрген 7 кітаптың таныстырылымын өткіземіз. Бұл кітаптардың үшеуі монографиялық еңбек, екеуі архив құжаттарына арналған, екеуі анықтамалық. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауда қиындық жоқ, қазір Президент жарлығына сәйкес барлық архив құжатары қолжетімді, - деп атап өтті ол.

Дөңгелек үстелге өлкетанушылар, тарихшылар және жоғарыда аталған жеті кітаптың авторлары қатысты.

БҚО әкімі Нариман Төреғалиев бүкіл кеңес халқы үшін 1937-38 жылдардағы куғын-сүргін "үлкен террор" жылдары зор қайғы болса, онда біздің еліміз үшін бұрын-соңды болмаған қасірет болғанын айтты. 

“Дәл осы жылдары большевиктік-сталиндік режим алдын-ала әзірлеген саясатының нәтижесінде қазақ халқының саны едәуір кеміді. Бұл орайда, өңірлік комиссияларды құрудың негізгі мақсаты – Мемлекет басшысының Жарлығы аясында ұсыныстар әзірлеу үшін осы уақытқа дейін құпия болып келген немесе әлі белгісіз, ұмытылған деректерді, фактілерді табу, жинау, репрессияның түрлері мен механизмдерін анықтау, ауылдардағы қуғын - сүргін орталықтары мен орындарын, құрбандардың санын, аты-жөнін анықтау және зардап шеккендер туралы осы мәселеге қатысты басқа да ақпарат жинау, талдап- сараптау болатын. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмысын мемлекеттік тұрғыдан зерттеп, талқылап және жаңаша тарихи баға беру - бүгінгі ұрпаққа, бізге жүктелген ауқымды міндет", - деді ол. 

Аймақ басшысы өз сөзінде комиссияның жұмысы үшін облыс бюджетінен қаржылай қолдау білдіріліп келгенін, алдағы уақытта да қолдау болатынын жеткізді.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 27 Маусым, 2023 13:20