Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бизнесті құрдымға жібереді": Қазақстандық кәсіпкерлер вакцинаға қатысты талапқа қарсы шықты

Қызметкерлер саны 20-дан асатын ұжым вакцина ектіруге міндеттеледі деген талап бизнес иелерінің төбесінен жай түсіргендей болды. Кәсіпкерлер вакцинадан бас тартқандар әр апта сайын тек ПТР-тестің теріс қорытындысымен жұмысқа кіргізіледі дегенге де қарсы. Айтуларынша, бұл кәсіпті тұралатуы мүмкін, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.

Қазір сауда орталықтарында тек келушілердің дене қызуы өлшенеді. Алдағы уақытта "Ашық" жүйесі бәріне міндеттелсе, онда мәртебесі айқындалмағандар мұнда жолай алмауы да мүмкін.

Келушілерден бұрын сауда орталықтары енді қызметкерлерінен айырылып қаламыз ба деп алаңдайды. Жаңа қаулы бекітілсе, жұмысшылары 20 адамнан асатын ұжымдар тегіс вакцина салдыруға тиіс. Ал бұл орталықтағы қызметкердің 30 пайызы қазірден бастап екпеден бас тартатынын қадап айтқан. 

“Енді ол ертең қаулыда анық көрсетіледі. Қалай істеуіміз керек? Қалай қабылдауымыз керек? Бірақ кешегі комиссияның шешімі бойынша біз енді сырттан кірген адамға, қызметкер болмасын, жай тұтынушы болмасын, барлығынан "Ашық" арқылы оның мәртебесін қарап отыруымыз керек”, – деді сауда орталығының өкілі Бауыржан Сералин.

Ал екпе салдырмағандары жұмысқа ПТР-тесттің теріс қорытындысымен келуге міндеттеледі. Апта сайын қажет ететін сынаманы қызметкер өз қаражатына жасай ма, әлде жұмыс орны төлеуге міндеттеле ме, ол жағы әлі нақтыланбаған. 

“Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Өйткені бұл жұмыс болғандықтан, бәріміз ұзақ уақыт осында жұмыс істегендіктен, қонақтарға қызмет көрсеткеннен кейін, бәрі өз еркімен екпе алды”, – деді мейрамхана менеджері Мария Төлеубай.

Қазақстан рестораторлар клубының мәліметінше, індет дендеген уақыт аралығында бір ғана Алматының өзіндегі тамақтану орындарының 50 пайызы жабылған. Ал "Ашықпен" адамдарды алалау бұл антистатистиканың одан әрі өсуіне себеп болады деген пікірде. 

“Қоғамдық тамақтану орындарының 90-95 пайызын жабуға тура келеді. Өйткені статистиканы қарайтын болсақ, екпе қабылдағандардың саны өте аз. Қызметкерлер вакцина салдырмаса, ПТР-тест қорытындысымен жұмыс істей алады дейді. Ойлап қараңыз, әр үш күн сайын тест тапсыруға кімнің жағдайы  жетеді? Бұл реформа бизнесті өлтіреді”, – деді Қазақстан рестораторлар клубының мүшесі Елена Юферова.

"Ашық" қосымшасы бойынша "қызыл" мен "сары" ғана емес, "көк" түсті көрсетсе де, клиент ішке кіргізілмейді деген мәселе де қарастырылуда.

"Бұл бизнесті құрдымға жібереді", - дейді кәсіпкерлер.

Талқылау