Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі денсаулық сақтау басқармасынан қысым көрдім деген трансплантолог қайтадан ота жасауға кіріседі

Шымкенттегі №1 қалалық аурухананы басқарған трансплантолог Абылай Донбай Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы тарапынан қысым көрсетілетінін айтып, қызметінен кететінін және енді ота жасамайтынын мәлімдеген еді. Бірақ оның қайтадан қызметіне кірісетіні белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Дәрігер бұл мәлімдемелерін өзінің Facebook парақшасында жазды.

Шымкенттегі №1 қалалық аурухананың бас дәрігері Донбай бір апта бұрын трансплантациялау бойынша ота жасамайтынын мәлімдеді. Бұл шешімге Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан көрсетілетін қысым әсер еткенін айтты.

"Мен енді ота жасамаймын деп шештім. Трансплантация кезегін күткен қарапайым адамдарға жаным ашиды. Мен бұл қалалық ауруханада енді жұмыс істемеймін. Кезекте тұрған науқастарға да айттым. Шетелге кетіп қалатын дәрігерлерді түсіндім. Біздің медицинаның неге дамымайтынын да ұқтым", – деді Донбай.

Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы Абылай Донбайдың әлеуметтік желідегі бейнежазбасының деректері шындыққа жанаспайтынын және қысым болмағанын хабарлады.

11 шілде күні солай мәлімдеме айтқан хирург 19 шілдеде төрт отаны тегін жасайтынын айтты.

"Билік немесе мамандық деген таңдау арасынан мамандықты таңдадым. Ауруханамен, бұрын басқарған мекемемен уақытша еңбек шартын жасасуға шешім қабылдадым. Мен үш бүйрек пен бір бауырды трансплантациялау үшін ота жасап, пациенттерге көмектесемін", – деп жазды трансплантолог.

Денсаулық сақтау басқармасы Донбайды ұйымның кредиторлық берешегіне байланысты бас дәрігер қызметінен босатқанын хабарлады, бірақ оған ота жасауға тыйым салынбаған.

Талқылау