Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бізді кейде бейтараптық үшін сынға алады, бірақ бұл сенімсіздік деп қателесуге болмайды – Тоқаев

Мемлекет басшысы "Қазақстан және орта державалардың рөлі: қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды ілгерілету" атты дәрісінде әділетті Қазақстан жолымен алға қадам басып келе жатқан еліміз жауапты дипломатияның қағидаттары мен құндылықтарын қатаң сақтауға бейілді екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, барлық сыртқы серіктестеріміз Астананың қандай ұстанымда екенін жақсы түсінеді. 

"Сондықтан бізді сенімді әріптес санайды. Біз "Жаһандануды жақтайтын Қазақстан" ретінде бүкіл әлеммен ашық қарым-қатынас жасауды жалғастыра береміз. Бұл – біздің еліміздің сыртқы саясаттағы бағдары. Тұрақсыздық ұзақ уақытқа созылған жаңа дәуірде тек осылай ғана жетістікке жете аламыз. Сол себепті бізге қазіргі қалыптасқан ахуалға бейжай қарауға болмайды", – деді ел президенті.

Сонымен қатар ел басшысы дүниежүзімен ашық қатынас жасай отырып, біз сыртқы сын-қатерлерге қарсы күресте қырағылық танытып, проактивті түрде әрекет ететінін атап өтті.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

"Қазақстанның заңды құқықтары мен мақсатын қорғау ісінде тартынып қалмаймыз, еліміздің басты мүддесін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз. Кейде біздің ұстанымымызға күмәнмен қарайды, бейтараптығымыз үшін сынайды. Бірақ мұны өз көзқарасы, сенімі жоқ деп қабылдамаған жөн. Керісінше, оны қақтығыс пен мәжбүрліктің орнына саналы түрде дипломатия мен диалогты таңдау деп түсінген абзал. Бұл таңдау – территориялық даулардан бастап идеологиялық қақтығыстарға дейінгі түрлі қайшылықтарды еңсеруге септігімізді тигізуге мүмкіндік беретін біздің мықты қырымыз", – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Әзірбайжан мен Армения арасындағы бітімгерлік үдерісіне ықпал ету әрекетін, Иранның ядролық бағдарламасына қатысты ара ағайындығын, Сириядағы қақтығыстарды реттеу жөніндегі Астана процесін, сондай-ақ жақында БҰҰ миссиясы аясында Голан жоталары аймағына алғаш рет дербес бітімгерлік күштерін жіберуін мысал ретінде атап өтті.

Бұдан бөлек президент түрлі жаһандық түйткілдерді шешу ісіне Сингапур дипломатиясының елеулі үлес қосып отырғанын айтты

“Сингапур 2015 жылы ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен Тайванның бұрынғы президенті Ма Инцзю арасындағы бүкіл әлем көз тіккен кездесуді және АҚШ пен Солтүстік Корея арасындағы тарихи саммитті ұйымдастыруға ұйытқы болды. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз”, – деді президент.

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Әйтсе де, мемлекет басшысы тиімді жұмыс істейтін көпжақты ынтымақтастық жүйесін дауларды бейбіт жолмен шешуге тырысқан ешқандай "ізгі амал" алмастыра алмайды деп санайды.

“Біз соғысты тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оның алдын алуға тиіспіз. Ондаған жылдар бұрын біз Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі жылымық кезеңді соншалықты үмітпен қарсы алдық, мүмкіндіктер мен өркениет жетістіктеріне толы келешекті көзімізге елестеттік. Алайда бүгінгі қара бұлттай үйірілген қауіп-қатер мен тұла бойыңды тітіркендіретін мазасыздық сезімі осы сәулелі ойға көлеңке түсіргендей көрінеді. Көпжақты институттардың абырой-беделін қалпына келтіріп, мультилатерализмге тың серпін беру үшін оларды жаңғыртқан жөн. Оны көптен бері пісіп-жетілген БҰҰ реформасынан бастау керек. Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жүргізбейінше, біз бұл міндетті орындай алмаймыз. Бұл – кейінге қалдыруға болмайтын әрі адамзат баласының басым бөлігінің мүддесімен сай келетін уақыт талабы. Орта державалар мен дамушы елдердің Кеңестегі үні анық естілуі қажет. Мен бұған кәміл сенемін”, – деді президент.

Еске салайық, 6 мамырда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әскерінің осы уақытқа дейінгі жетістіктері туралы айтып, алдағы уақытта да дайындықты шыңдай түсу керегін еске салғанын жаздық. Мемлекет басшысының айтуынша, геоосаяси тұрақсыздық белең алған қазіргі жағдайда мықты әрі дайындығы сақадай сай әскердің маңызы айтарлықтай арта түсті. 

Талқылау