"Біз жалдамалы құл болдық": Жамбыл облысында жалақыны өсіруді талап еткен қытайлық компанияның жұмысшылары бас көтерді
Жамбыл облысында республикалық маңыздағы тасжолды жөндеп жатқан жүзге жуық жұмысшы ереуілге шығып, жалақыларын көтеруді талап етті. Талаптары орындалмаған жағдайда еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін байланыстыратын күре жолды жауып тастамақ. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан Қытай компаниясы соңғы үш жылда не дұрыс жалақы, не жарытып құрылыс киімін де бермеді деген олар құрылыс жұмыстарын тоқтатып, Президентке үндеу жасады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
"Меркі-Бурыл Байтал" тас жолын салып жатқан жұмысшылар үш жылдан бері жалақымыз көтерілмеді деп наразы. Айтуларынша, қазір айлықтары шайлықтарына да жетпейді. Ал нысанда техникалық талап мүлде сақталмаған.
Республикалық маңыздағы тас жолдың бұл бөлігін қытайлық “Синьсин” компаниясы салып жатыр екен. Олар құрылысты 2019 жылы бастаған. 220-дан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтыпты. Ал айлықтары жұмысына қарай 60 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін компания өкілі.
"Біз жобаны 2017 жылғы бағамен алдық. Қазір өзіміз де шығынға батып жатырмыз. Құрылыс заттары да еселеп өсті. Сондықтан жалақыны көтере алмай отырмыз", – деп мәлімдеді "Синьсин құрылыс және дамыту компаниясы" ЖШС бас инженері Цюань Ицюань.
Әкімдік өкілдері әліптің артын бағып, компанияға мүмкіндік берейік деп ереуілдеткен елді сабырға шақырды.
"Мәселені бұлар шешпейді. Мұны Қытай шешеді. Қазір 3 күнде шешетіндерін мәлімдеді, сондықтан күтейік", – деді Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров.
Екі тарап та келісімге келе алмады. Құрылысшылар жалақымыз көтерілмесе, жұмысқа шықпаймыз дейді. Ал "Синьсин" өкілдері басшылықпен ақылдасып, 3 күн ішінде жалақы мәселесін қарастырып көрмек.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
