"Біз саған білгенімізді жасаймыз". Дубайда ауыр жарақат алған украиналық модель Мария Ковальчук алғаш рет трагедия болған күнді айтып берді
Фото: Скрин видео: sobchak / YouTubе
OnlyFans платформасының украиналық моделі Мария Ковальчук биылғы наурыз айында Дубайда жол жиегінен ауыр жарақатпен табылған еді. Таяуда 20 жастағы бойжеткен мен оның анасы алғаш сол күнгі оқиға туралы Ксения Собчакқа сұхбат беріп, айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Осторожно: Собчак” YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Марияның айтуынша, ол 2024 жылдың наурызында құрбыларымен бірге Дубайда демалып жүрген. Біршама уақыттан кейін құрбылары елге оралып кеткен, ал Мария Таиландқа ұшуды жоспарлаған. Алайда ол рейске кешігіп қалып, Five Jumeirah Village қонақүйіндегі бронь мерзімі де аяқталғандықтан, бөлмеден шығуға мәжбүр болған.
Қонақүйдің фойесінде ол бірнеше күн бұрын караокеде танысқан жас жігітпен кездейсоқ жолығып қалған. Мария оған рейске үлгермей қалғанын және бөлмеден шығу керек екенін айтқанда, жігіт оған өз бөлмесінде қалуды ұсынған. Бұл жігіт Донецк кәсіпкерінің ұлы болып шыққан. Ол әкесінен "джетті" (жеке ұшақты) сұрайтынын, содан кейін бәрі бірге Таиландқа ұшатынын айтқан.
"Жастар, көңілді, бәрі қызықты неге бармасқа? Біз бөлмеге бардық", – деп Ковальчук сол кешті еске алады.
Кейінірек ол 19 жастағы Артём Папазовтың бөлмесінде өткен шағын кешке қатысқан. Артём Ресейдегі Cinnabon франшизасының иесі Олег Папазовтың ұлы. Марияның айтуынша, кешке сондай-ақ мына адамдар қатысқан:
• 19 жастағы Александра Мерцалова, Мәскеудегі медициналық орталықтың иесінің қызы.
• 16 жастағы Милена Долганова, Киевтен келген. Әлеуметтік желілерде "Украинаның ең жас қас шебері" ретінде танымал, кәсіпкер Давид Долгановтың қызы.
• 21 жастағы Максим Крашенинников, Омбыдан.
• 28 жастағы Александр Лаптинский, Беларусьтен барған.
Оқиғаның ары қарайғы егжей-тегжейі мен нақты не болғаны туралы Ковальчук сұхбаттың жалғасында баяндаған.
"Бір тәулік бойы бәрі жақсы өтті, біз сөйлесіп, джетпен ұшуды жоспарлап жаттық. Тіпті анама хабарласып, бәрі жақсы екенін, мұндағы жігіттердің жақсы адамдар екенін айттым", – дейді Мария.
Фото: Скрин видео: sobchak / YouTube: Артем Папазов/ Александр Лаптинский / Александра Мерцалова / Милена Долганова / Максим Крашенинников
Алайда көп ұзамай ол анасымен байланысқа шықпай қояды. Оның айтуынша, сол кезде бәрі сау болған, себебі бұл жастар бұған дейін басқа бір кешке барып, енді соның әсерінен айығып жүрген.
Марияның айтуынша, келесі күні жігіттер "ішімдікке салынған". Олар виски ішіп, есірткі қолдана бастаған. Ал қыздар, оның ішінде Мария да, ішпеген (кейін сараптама Марияның қанында алкоголь де, тыйым салынған заттар да болмағанын көрсетті). Көп ұзамай жігіттердің әрекеті шектен шыға бастайды. Олар Ковальчукты ішімдік ішуге мәжбүрлемек болып, қорлап, "сен бізге тиесілісің, не істесек те болады" деп мәлімдеген.
"Олар өздерін агрессивті ұстай бастады, бөтелкелерді шағып, еденге тастады. Сол кезде маған біз саған білгенімізді жасаймыз деп айтты. Еденнің бәрі сынған шыныға толып кетті, жалаңаяқ жүру мүмкін емес еді", – дейді Мария.
Кештен бірінші болып Максим Крашенинников кеткен. Одан кейін Александра Мерцалова шыққан. Алайда кетер алдында белгісіз бір себеппен Марияның көйлегін киіп, оны қонақүйдің халатымен қалдырған. Мария да кетуге әрекеттенген, алайда жігіттер оны қуып жетіп, қайта бөлмеге күштеп кіргізген. Кейін бәрі балконға шыққанда, Мария қайтадан бөлмеден қашып шыққан. Сол сәтте Милена Долганова Артём мен Александрға "Ол қашып кетті!" деп айғайлаған.
Мария жақын маңдағы құрылыс алаңына тығылуға тырысқан. Алайда Папазов пен Лаптинский оны қуып жетіп, ұрып-соғып, бас терісін сыпырып тастамақ болған, кейіннен оны биіктен итеріп жіберген. Қыздың айтуынша, соққы кезінде болған жайттардың көпшілігін есіне түсіре алмайды. Ал видеобақылау жазбалары оларға көрсетілмеген.
"Үш ай өтті, полиция видео жазбаларды өшірілетін уақытқа дейін созып жүрді. Камералар өшіріліп кеткен, енді дәлел жоқ", – дейді Мария.
12 наурыз күні Марианы ауруханаға жеткізген. Ол омыртқасына және бас сүйегіне бірнеше операция жасатып, үш күн бойы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Сараптама қорытындысы бойынша, Марияға жыныстық сипаттағы зорлық жасалмаған. Модельдің анасы Анна қызын қайдан іздерін білмей, бір аптадан астам уақыт бойы полицияға, ауруханаларға жүгінген, бірақ еш нәтиже болмаған.
Анна полиция Мария есін жиған кезде алған түсініктемелердің бұрмаланғанын мәлімдеді.
"Полицияның тергеу құжаттарында "Маша (Мария) өзін зорлықтан құтқару үшін қашып шыққанын, ар-намысын қорғау үшін өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын айтты" деп көрсетілген. Бірақ бұл жалған. Себебі түсініктеме алынып жатқан кезде мен Марияның жанында тұрғанмын", – деді анасы.
Аннаның айтуынша, Мария тергеушілерге Артем есімін атаған және өзін ұрып-соққандарын, құжаттарын тартып алғандарын айтқан. Осыдан кейін Артем Папазов пен Александр Лаптинский уақытша қамауға алынған. Бірақ бір күн ғана түрмеде болған. Қазір олар, керісінше, Ковальчукты іздеп, көмектесуге тырыстық деп мәлімдеп жатыр екен. Алайда Мария соңғы айларда кешке қатысқан барлық адамға хабарлама жібергенін, бірақ тек Александра Мерцалова ғана жауап бергенін айтты.
Александра сол сәтте үйде болғанын айтып, Марияның көйлегін қайтарып беруге дайын екенін жеткізген. Полиция Мерцаловаға тергеу жүргізбеген, ал ол кейін Ресейге қайтып кеткен.
Мария Ковальчуктың бірнеше миллион тұратын емін Дубай билігі төлеген. Аннаның айтуынша, бұл жергілікті шенеуніктермен, бала құқығы жөніндегі омбудсменмен және полициямен жасалған келісімнің бір бөлігі болған. Оның орнына анасы БАҚ бетінде Әмірліктер туралы жаман сөз айтпауға, елдің беделіне нұқсан келтірмеуге уәде берген.
Қазір Мария әлі жүре алмайды. Ол мүгедектер арбасымен немесе балдақпен қозғалады, анасы мен туыстарымен бірге Норвегияда тұрып жатыр.
Павлодар облысында азаматтық некедегі жарының 14 жастағы қызын зорлаған ер адам өмір бойына сотталды
"2 жасар қызды жерге құлатқан": Астанада ер адам екі рет кәмелетке толмаған қыздарға тиіспек болған
Еске салайық, көктемде Мария Ковальчук Дубайдың шет жағындағы жол жиегінен ауыр жарақатпен тапқан. Оның қол-аяғы мен омыртқасы сынғаны белгілі болды. Әлеуметтік желілер мен кейбір БАҚ бұл оқиғаны "Porto Party" бай клиенттер ұйымдастыратын жабық, жиі зорлық пен бұрмаланған әрекеттерге толы VIP-кештермен байланыстырды. Ондай кештерге қатысқан қыздарға ондаған мың доллар төленеді делінген. Кейбір дереккөздер Ковальчуктың ресейлік азаматтардың құрбаны болғанын жазса, өзгелері оның OnlyFans-та ашық контент жариялап, мұндай кештерге өзі саналы түрде барғанын айтып, Марианың өзін кінәлаған. Ол сұхбатында OnlyFans-тан айына шамамен 3 мың доллар (1 616 790 теңге) табатынын растаған.

"Кесар тілігін жасағанда баланың басын қоса тіліп жіберген": Ұлына ем іздеген алматылық әйел перзентханадағы дәрігерлерді кінәлайды
