Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз өртеніп жатырмыз": Бір топ құспен соқтығысқан ұшақ жолаушыларына билет ақшасын қайтарып береді

Апатты жағдайда қонған SCAT әуе компаниясы ұшағындағы жолаушылардың билеті толығымен кері қайтарылады. Бұл туралы  компанияның баспасөз хатшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Almaty.tv" арнасына сілтеме жасап.

Бұдан бөлек, Атырауда тұрғылықты жері жоқ жолаушылар оқыс оқиға болған сәттен кейін бірден қонақ үйге орналастырылған. Оларға 3 мезгіл тамақ пен қонақ үйдің  ақшасын әуе компаниясы төлеп жатыр. Еске салайық, кеше түнде Атыраудан Нұр-Сұлтанға ұшпақшы болған SCAT әуе компаниясының ұшағы биікке көтеріліп, апатты жағдайда әуежайға қайтадан қонған еді. Ұшақ қозғалтқышына құс кіріп, құрылғы істен шыққан.

"Қазір апатты жағдайда қонған ұшаққа зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы қашан дайын болатынын айта алмаймыз. Билеттерін кері қайтаруын сұраған жолаушылар үшін ешқандай айыппұлсыз ақшалары кері қайтарылады. 31 жолаушы Нұр-Сұлтанға жету үшін бірден басқа рейске ауыстырып беруін сұрады. Басқа жолаушылар нақты шешім әлі қабылдамады", – деді SCAT әуе компаниясының баспасөз хатшысы Виктория Старожилова.

Еске салайық, SCAT авиакомпаниясының Атырау - Нұр-Сұлтан ұшағы ірі құстар тобымен соқтығысты. Жолаушылардың бірі түсірген кадрлар желіде жарияланды. 

SCAT баспасөз қызметі Атыраудан Нұр-Сұлтанға ұшып бара жатқанда ұшақтың үлкен құстармен соқтығысқанын айтты.

Ұшақ командирі Иван Карпович әуежайға оралуға шешім қабылдады. Қону қалыпты режимде орындалды. Ұшақ бортында 115 жолаушы болған. 

Талқылау