Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз көтеріліске шығып жатқан жоқпыз": Арыста әкімдік алдында шағымын айтпақшы болған аналарды полицейлер күштеп алып кетті

Түркістан облысының Арыс қаласы әкімдігі ғимараты алдына шағымын арқалай келген көпбалалы аналарды әкімдіктің жауапты мамандары мен полиция жасағы қарсы алған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Карантин кезінде үш адамнан артық жиналуға болмайтынын айтып, әлеуметтік арақашықтық сақталмады деген себеппен жиналғандарды полиция бөліміне алып кетіп жатты. Бірақ әкімшілік жауапкершілікке тартылсақ та, телеарнаға шағымымызды айтамыз дегендер түсірілім тобына наразылығын жеткізді. Олар қалалық білім бөлімі көпбалалы отбасылардың оқушыларына тиесілі берілетін өтемақыны себепсіз бермей отыр деп шағымданды.

Ата-аналар балаларына берілетін тегін тамақ үшін төленетін қаржыны нақты қолға береді дегенді естігеннен бастап, білім бөлімі мен әкімдікке бірнеше сауал жіберген. Алайда, шағымданушылардың сөзінше, шенеуніктер ақшаны береміз деп уақытты кейінге шегеріп келген. Оның үстіне, жаңа оқу жылы онлайн түрде оқытудан басталатын болға соң, шенділер қаражатқа техника сатып әпереміз депті. Ал ата-аналар бұған қарсы. Әр балаға 86 мың тиесілі болса, төрт баланың қаржысын жиып, қолымызға берсін, дейді олар.

"Осылардың киімін аламыз, алсақ. Міне, ауырып жүр, сүйреп алып жүрмін. 42 500 жоқ, анау жоқ, мынау жоқ. Ешнәрсе жоқ қой Қазақстанда, ешқандай жағдай жасалмаған. Міне, талап етіп, келіп тұрсам, полиция сүйреп жатыр", - деді көпбалалы ана Гүлзира Манабаева.

"Біз көтеріліске шығып жатқан жоқпыз. Өзімізге бөлініп жатқан ақшаны сұрап жатырмыз. Биыл екі балама кредитке телефон алып бердім, бізге керек жоқ ноутбук... Міне, алып кетіп жатыр полиция, неге алып кетеді", - деді көпбалалы ана Айгүл Дәулет.

Телеарна тілшілеріне сұхбат берген соң полиция арнайы көліктерімен ата-аналарды әкетті.

Білім бөлімі басшылығының мәліметінше, ауданда әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан барлығы 2167 бала бар. 

Қашықтан оқу басталғалы мектепте ыстық тамақ ішілмегендіктен, ата-аналар қаржыны қолға бер деп келе бастаған. Басшылық бұл қаражатқа компьютер, ноутбук не планшет сатып алуды жоспарлапты. 

"Компьютер керектерге компьютер беріп, ақшалай алатындарға ақшалай беруге де болады. Мұның бәрі орындалатын жұмыс. Негізгі мақсат - сол тұрмысы төмен отбасындағы оқушының ақшасы соның қажеттілігіне, мүддесіне жаратылады. Оған толық кепілдік бар", - деді Арыс қалалық білім бөлімінің басшысы Әбдіхан Мұсаев.

Ата-аналар сатып алған техника оқу жылы аяқталған соң кері қайтарылатынын айтса, білім бөлімі оның оқушыда қалатынына сендірді.

Ақшалай берілсе есеп те беру керек. Білім бөлімі ата-аналар жағынан есеп алу қиын екенін жасырмады. 

Ведоствоның мәліметінше, қаржылай көмек те қарастырылған. Мәселен, тұрмысы төмен отбасылардың балаларына 20 млн теңгеге мектеп формасын алып беру жоспарланған. Атаулы көмек алатын отбасылардағы 429 оқушыға киім-кешек үшін әр балаға 31 мың теңге берілетінін жеткізді. 

STAN.KZ
Сейсенбі, 28 Шілде, 2020 13:54
Талқылау