Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біз бір халық емеспіз": Зеленский Путиннің айтқанына жауап берді

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путиннің "украиндар мен орыстар – бір халық,  тарихта қолдан жасалған оқиғалардың әсерінен бөлініп кеткен" деген сөзіне жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.


Зеленский "Интерфакс-Украина" ақпарат агенттігіне сұхбат берді. Журналист Украина президентінен сәрсенбіде  "Тікелей желі" кезінде айтқан Путиннің сөздерімен келісесіз бе?" деп сұрады.

"Неліктен Украина достас емес елдер тізіміне кірмейді? Себебі мен украин халқын бізге дұшпан халық деп санамаймын. Мен бірнеше рет айтқанмын, тағы да қайталай аламын: украиндар мен орыстар бір халық", – деген еді Путин.

Сонымен бірге Путин сыртқы күштер әрқашан орыс халқын таптауға және ұсақтауға тырысқанын, бұл орта ғасырдан бері келе жатқанын айтты. 



"Бізде бұрын этникалық құрам қалай түсіндірілген? Ұлы росстар, белоросстар және малоросстар болды. Содан кейін сыртқы факторлардың әсерінен большевиктердің үлесі бар, біртұтас орыс халқы бөліне бастады", – деген болатын Ресей басшысы. 

Зеленский Путиннің бұл айтқанымен келіспейтінін жеткізді. 

"Бұл әңгімеге нүкте қояйық. Біз бір халық емеспіз. Иә, бізде көп нәрсе бар. Бізге ортақ тарихтың бөлігі, туыстық қатынас, көршілік, фашизмді бірге жеңу және жалпы трагедиялар бар. Иә, мұның бәрі өте маңызды! Біз оны есімізде сақтаймыз. Бірақ тағы бір рет қайталап айтам, біз бір халық емеспіз! Бір халық болсақ, Мәскеуде гривна жүретін еді, ал Мемлекеттік Думаның үстінде сары-көк жалау желбірейтін еді. Сондықтан біз бір халық емеспіз. Әрқайсысымыздың өз жолымыз бар", – деді Зеленский.

Айнұр Мұхади
Жұма, 02 Шілде, 2021 11:47
Талқылау