Биыл Солтүстік Қазақстанның үш тұрғыны шетелде демалып жүріп “денге” дертін жұқтырған
Биыл Солтүстік Қазақстанның үш тұрғыны шетелде демалып жүріп, “денге” қызбасын жұқтырған. Бұл жайында эпидемиолог мамандар мәлімдеді.
Тайланд пен Вьетнам елдерінде тыныққан жұрт курорттан оралар сәтте жоғары температурамен төсекке таңылған, деп хабарлайды Астана арнасы.
Дәрігерлер сараптама жұмыстарының нәтижесінде науқастардың безгекке шалдыққанын анықтады. Ақ халаттылардың ем-домынан соң қызылжарлықтар көп ұзамай аурудан айыққан. Оны тек масалар ғана тарататын көрінеді. “Дерттің белгілері тұмауға өте ұқсас”, – дейді құзырлы мекеме өкілдері. Алайда “денге” қызбасы кезінде адамның кеудесі мен арқасында бөртпелер пайда болады. Ол көбінесе Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка және Америка елдерінде кеңінен таралған.
Яғни климаты ыстық елдерде оны жұқтыру қаупі өте жоғары. Дәрігерлердің пайымдауынша, «денгенің» кесірінен адамдардың бақилық болуы да жиі кездеседі. Толқын Қаженова, СҚО қоғам денсаулығын қорғау департаментінің бөлім басшысы: Денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жыл сайын әлемде 50 млн жағдайға дейін тіркеліп отырады. Оның 20 мыңға жуығы өліммен аяқталады. Біздің елде биыл 5 адам жұқтырды. Үшеуі Қызылжар өңірі, бір адам Алматы облысында және тағы бір адам Шығыс Қазақстан аймағында науқастанған. Абырой болғанда, өлім-жітім фактілері тіркелген жоқ.
Тағы да оқыңыз:
Елімізде зейнетақы қалай есептелмек?