Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бішкектегі тәртіпсіздіктен кейін Қазақстанда шетелдік студенттердің жатақханаларында тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі

Үкіметте өткен брифингте журналистер ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке “Қырғызстандағы оқиғадан кейін Қазақстанда алдын алу шаралары жүргізілді ме?” деген сұрақ қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: fergana.agency

"Иә, Қырғызстандағы жағдайды біз де өз бақылауымыздан өткіздік. Онда қазір шет мемлекеттердің көптеген азаматтары, атап айтқанда Үндістан мен Пәкістаннан келген студенттер білім алып жатыр. Тек Ош және тағы бірнеше мемлекеттік мекемелерде 28 мыңға жуық азамат білім алып жүр", – деді министр журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Ғылым министрлігі басшысының айтуынша, Қазақстанда Үндістан мен Пәкістаннан келген 12 мыңға жуық студент білім алады.

"Біз шетел азаматтары білім алып жатқан университет басшыларымен жеке кеңестер өткіздік, яғни тек Үндістан мен Пәкістан азаматтары ғана оқып жатқан оқу орындарымен шектеліп қалмадық. Қазір жеке циркуляр әзірлеп жатырмыз және студенттер тұратын орындарда тәулік бойы кезекшілік жүргізіледі", – деп түсіндірді министр.

Еске сала кетейік, 18 мамырға қараған түні Бішкектің бірқатар шетелдіктер тұратын аудандарында жергілікті тұрғындардың қатысуымен наразылық акциялары өтті. Олар 13 мамырда болған жаппай төбелеске қатысушылар үшін сот төрелігін талап етті. Сол уақытта Бішкек жатақханаларының бірінде шетелдіктер мен Қырғызстан азаматтары арасында төбелес болды.

Қырғызстан ішкі істер министрлігі 17-18 мамырға қараған түні Бішкектегі толқулар мен тәртіпсіздіктерге әкелген оқиғалардың хронологиясын ұсынды. Бішкектегі бүліктерден кейін әскери ұшақ пәкістандық студенттерді эвакуациялады. 

13 мамырда хостелде болған төбелестен кейін тәртіп сақшылары мысырлық төрт азаматты ұстады. Қырғыз Республикасы қылмыстық кодексінің "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Талқылау