Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Бишімбаевтың әйелінің тағдырын қайталағым келмейді”: Ақтөбеден күйеуінің қолынан көз жұмған келіншектің хаты жарияланды

Ақтөбеде ер адам әйелін балаларының көзінше өлтірген еді. Марқұмның өзін және балаларын күйеуінен қорғауды сұрап жазған хаты табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Время” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: pixabay.com

Күйеуінің зорлық-зомбылығына шыдай алмаған әйел ажырасуға бел буған. Ол өзіне және балаларына қорғау бұйрығын беруді сұрап, төрт беттен тұратын хат қалдырған. 37 жастағы ақтөбелік әйел хатында күйеуінің оған көрсеткен агрессиясын ашық сипаттайды.

Хаттан белгілі болғандай, ерлі-зайыптылар соңғы уақытта бірге тұрмаған, бірақ күйеуі пәтеріне кіріп, оны қорқытып келген. Сол себепті әйел құқық қорғау органдарынан күйеуінің өзіне, балаларына, үйіне және жұмыс орнына жақындамауын талап еткен. Отбасын асырау үшін әйел орталық базарда көкөніс сатқан. Ал күйеуі соңғы екі жылда еш жерде жұмыс істемеген.

“Ол маған және балаларыма психологиялық, физикалық және экономикалық зорлық-зомбылық көрсетіп келеді. Ол мені өлтірмекші болып, КамАЗ-ға әдейі соғылды, мен рөлді әрең бұрып үлгердім", – деп жазған әйел.

Сондай-ақ, күйеуі оған тек “шариғат бойынша” талақ бергенін, бірақ ресми ажырасқысы келмегенін жазған. Бұған себеп күйеуі мүлікті бөліскісі келмеген.

Ер адамның балаларды да қорқытқаны хатта көрсетілген. Күйеуі үш баласына егер аналары ажырасудан бас тартпаса, өзін өлтіретінін айтқан.


"Көзін көгертіп, аяқ киіммен ұрған": Сұлулық байқауының жеңімпазы 9 жыл бойы күйеуін қорлап келген


“Ол мені қорқытып, “Ажырасқанша балалардың жетім қалғаны жақсы" деді. Мені кіреберісте немесе көшеде күтіп тұрып, өлтіретінін айтып қорқытады”, – деп жазған әйел.

Әйел өзіне төнген қауіпке байланысты қылмыстық іс қозғауды сұрап, күйеуінің өзіне көрсеткен қорлығының егжей-тегжейін баяндаған.

“Мен Бишімбаевтың әйелінің тағдырын қайталағым келмейді”, – деп жазған ол өтінішінің соңында.

Өтініш 2024 жылдың желтоқсанында жазылған.

Ал 2025 жылдың ақпанында әйел қайтыс болды. Күйеуі үйіне келіп, әйелге бірнеше рет пышақ жарақатын салған. Әйел ауруханаға жеткізілгенімен, алған жарақаттарының салдарынан көз жұмды.

Полиция бастапқыда кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Алайда кейіннен іс “аса қатыгездікпен кісі өлтіру” бабы бойынша қайта қаралды. Бұл бап бойынша бұған дейін атышулы Қуандық Бишімбаев сотталған еді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарында сот ер адамды бұрынғы әйеліне алимент төлеуге міндеттеген. Алайда ол бұл шешімді орындап үлгерді ме, белгісіз. Анасыз қалған балалар қазір “Аяла” орталығына орналастырылған, оларға психологтар көмектесіп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін Павлодарда 41 жастағы әйелді бұрынғы күйеуі көлігімен қағып кеткенін жазғанбыз.

Талқылау