Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаевтан алкоголь мен есірткі заттары анықталмады – Сот-медициналық сараптама

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Айыпталушының адвокаттары криминалистік сот-медициналық сараптама қорытындысын оқыды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Жоғарғы сот

Бишімбаевтың адвокаты Рамазанова Қуандық Бишімбаев қайғылы оқиға болған күні мас болған жоқ деген тұжырымдама жасамақ болды. Айтуынша, оның қаны мен зәрінен алынған талдау нәтижесі бойынша ешқандай есірткі, алкольголь және психотропты заттар табылмаған.

“27 қарашадағы қорытынды бойынша қанында этил спирті мен химиялық элемент жоқ. Сондай-ақ зәрінен есірткі, марфин және психотропты заттар анықталмады”, – делінген сараптамада.

Алайда жәбірленушінің адвокаты Бишімбаевтың зәрінен алкоголь анықталғанын айтты. Яғни медициналық мекемеге әкелгенге дейін одан талдау алынып, 0,68 промилле алкоголь анықталған.

Сонымен қатар Бишімбаевтың адвокаты Ғазымжанов скочта айыпталушының саусақ іздері жоқ екенін мәлімдемек болды.

Заңгер Назкен Құсайынова №1 VIP бөлмеден табылған заттарға жүргізілген саусақ іздерінің нәтижесін оқыды. Атап айтқанда ол жерден скоч табылды.

Бұған дейін Қуандық Бишімбаев оны көрмегенін және қолын тигізбегенін айтып, "бәлкім жұмысшылар тастап кеткен шығар" деп түсіндірген еді. Бірақ сараптама скочта Бишімбаевтың да, Байжановтың да саусақ іздерін көрсетті.

Сонымен қатар бөлмеден табылған марқұм Салтанат Нүкенованың бір уыс шашына да талдау жасалған. Бишімбаевтың адвокаты Құсайынова сараптамада тек 5 түйір шаш бар деп, оның фотосын алқабилерге көрсетті. Бірақ жәбірленушінің адвокаты Жанна Оразбақова бұл алқабилерді адастыратынын айтты.

“Құрметті сот, олар алқабилерді адастырып жатыр. Бөлмеден 5 түйір шаш табылған жоқ. Тек 5 түйір шашын сараптамаға алып кетті”, – деп түсіндірді ол.

Бұған дейін айыпталушының адвокаттары ұсынған ресейлік сарапшылардың қорытындысы іске қосылмайтыны айтылды.

Еске салсақ, Бишімбаевтың адвокаты жалған құжат жасады деген күдікке ілінгенін хабарлаған едік. Ресейлік сарапшылар Салтанат Нүкенованың өлімін "ескі жарақаты салдарынан көз жұмды" деп қорытындылаған.

Бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.

Талқылау