Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бишімбаев өмірінің ең жақсы жылдарын түрмеде өткізіп, 69 жасында бостандыққа шығады – Болжам

Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың соты аяқталуға жақын. 6 мамырда экс-министрдің өзі және екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов қорытынды сөз сөйледі. Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев бұрынғы министр қандай жазаға кесілуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жоғарғы сот

Сарапшы Қуандық Бишімбаевтың кінәсі дәлелденсе, нақты қандай жазаға кесілетінін жеткізді. 

"Сотталушының өзі айғақ беру және сот талқылауы кезінде бірнеше рет Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты кінәсін мойындады. Оның қанша жылға сотталуы мүмкін екені туралы түрлі пікір айтылып жатыр. Шартты түрде босату құқығымен 10-15 жылға кетеді. 7-8 жылдан кейін босатуға болады. Бишімбаевтың әрекетін қолдамайтындар оны өмір бойына бас бостандығынан айыруды қалайды. Себебі олар басқа да зорлық-зомбылық көрсетушілерді осылайша жазалағысы келеді", – деді саясаттанушы.



Саясаттанушының айтуынша, біріншіден аса қатігездікпен кісі өлтіргені үшін10-15 жыл үкім шығарылуы мүмкін емес. Екіншіден, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көбіне екі немесе одан да көп адамды, кішкентай балаларды өлтіргендерге және қоғамға үлкен қауіп төндіретін әрекеттерді жасаған қылмыскерлерге қолданылады.

“Бишімбаев 20 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер барлық факторды ескере отырып, мерзімінен бұрын босату құқығы болмаса, бұл жазаның іс жүзінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасынан айырмашылығы жоқ. Көз алдыңызға елестетсеңіз, 44 жастағы күш-қуаты мол, физикалық ләззаттың түр-түрін ақшаға сатып алуға мүмкіндігі бар Бишімбаев ширек ғасыр түрмеде отырады. Ол өмірінің ең жақсы жылдарын түрмеде өткізіп, 2049 жылы 69 жасында шығады. Мұндай жаза өте ауыр", – деді Әбішев.

Айта кетейік, бұған дейін айыпталушылар Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа мамыр мерекелерінен кейін үкім шығатынын айтқан еді. 

Еске салайық, Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысында Бишімбаев пен Байжанов соңғы сөздерін айтты. Бишімбаев өзіне тағылған айыпқа байланысты желілер мен БАҚ-та түрлі жалған ақпарат тарады және бұл үшін ақша төленді десе, Байжанов Салтанаттың отбасынан тағы да кешірім сұрады.

Талқылау