Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірінші орында Өзбекстан: Бір айда Қазақстаннан шетелдерге 64,7 миллиард теңге ақша аударылған

Бірінші орында Өзбекстан: Бір айда Қазақстаннан шетелдерге 64,7 миллиард теңге ақша аударылғанФото: depositphotos.com

2025 жылдың маусым айында Қазақстаннан халықаралық ақша аудару жүйелері (ХААЖ) арқылы шетелдерге шамамен 64,7 миллиард теңге аударылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ұлттық банк жариялаған статистикаға сәйкес, маусым айында халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы Қазақстанға 18,6 миллиард теңге келген. Яғни, маусым айында шетелден Қазақстанға келген қаржы көлемі шет елге жіберілген сомадан шамамен 3,5 есе аз.

Маусымда шетелге 141,6 мың транзакция жүргізілсе, Қазақстанға 48,6 мың ақша аударымы келіп түскен. Мамыр айымен салыстырғанда, аударымдар саны мен көлемі бойынша аздаған төмендеу байқалады.

Қазақстаннан жіберілген ақша аударымдарының көлемі бойынша көш бастаған елдер:

- Өзбекстан – 26,9 миллиард теңге (жалпы соманың 41,6%),

- Ресей – 17,5 миллиард теңге (27%),

- Түркия – 8,5 миллиард теңге (13,1%),

- Грузия – 3,5 миллиард теңге (5,4%),

- Қырғызстан – 2 миллиард теңге (3,2%)

Ал шетелден Қазақстанға келген ақша аударымдарының басым бөлігі келесі елдерден түскен:

- Ресейден – 4,5 миллиард теңге (24,2%),

- АҚШ-тан – 3 миллиард теңге (16,4%),

- Түркиядан – 1,9 миллиард теңге (10,3%),

- Өзбекстаннан – 1,88 миллиард теңге (10,1%),

- Германиядан – 1,58 миллиард теңге (8,5%).

Қазақстанға келген ақша аударымдары бойынша алғашқы ондықта Израиль де бар. 

Маусым айында Қазақстаннан шетелге жіберілген ақша аударымдарының басым бөлігі Қазақстан теңгесімен жүзеге асырылған, олардың үлесі жалпы көлемнің 61,1%-ын құрады.

Ал шетелден Қазақстанға келген ақша аударымдары көбінесе доллармен жолданған, бұл валютадағы аударымдардың үлесі 56,8% болды.

Еске салсақ, бұған дейін ұлттық банк интервенция жүргізгеннен кейін теңге едәуір нығайғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 31 Шілде, 2025 20:36
Талқылау
`