Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бірі бөтелкемен, екіншісі таспен ұрған": Атырау облысында әйел ұлын өлтірген адамның бостандықта жүргенін айтты

Атырау облысы Жылыой ауданындағы Шоқпарторай ауылының тұрғыны ұлын өлтірген адамның бостандықта жүргенін айтып, шағымданды. Сөзінше, ұлы Асланды сыныптасының туған күніне барғанда таспен ұрып өлтірген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

ер адам

Айгүл Қиықованың сөзінше, ұлының достарының бірі басынан шыны бөтелкемен, екінші таспен ұрған. Алайда тек біреуі ғана қамауға алынған. 

"Аудан тұрғындары полиция жиналғанша келіп, барлық дәлелдерді жойып жіберген. Қазір тек біреуі ұсталды. Полицияға да, прокуратуға да арыз жаздым. Алайда істі қайта қараған жоқ, ал өлтірген адам қазір бостандықта жүр. Сонымен қатар сараптама нәтижесі де жоқ. Көз жұмғанына осымен 40 күн болды. Мен әділдікті қалаймын", – деді әйел. 

Айгүлдің айтуынша, қанды қылмысқа бірнеше адамның қатысы бар. Тіпті, төбелеске кінәлілердің ортасында бай-бағландардың баласы мен артында сенімді көкелері барлар тұр дейді. Сондықтан, тергеу сағызша созылып, іс жылы жабыла ма деп алаңдайды.

Ал бұл оқиғаға қатысты полиция департаменті толыққанды жауап бермеді. Тек қанды қылмыс бойынша бір күдікті ұсталғанын мәлімдеді. Оның өзі "Адам өлімі" бабы бойынша емес, денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабымен тергеліп жатыр екен. Алайда құзырлы орган мұның себебін тергеу құпиялығына сілтеп түсіндірмеді.

“Қазіргі таңда департаментің тергеу басқармасы ҚК-106  бабы,3- бөлігі, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабы бойынша  тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. 95 жылы туылған күдікті қазір қамауда. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпартты қазір қылмыстық процесстік кодекстің 201-бабына сәйкес, тарата алмаймыз. Күдіктілердің саны немесе  өзге де қылмысқа  қатысты ақпарттар тергеу барысында өзгеруі мүмкін. Тергеу әлі жалғасуда”, – деді Атырау облыстық Полиция департамені баспасөз қызметінің өкілі Мейірім Ердәулет. 

Қайғы жұтқан ана ұлымның өліміне қатысы барлар түгел ұсталып, тиісті жазасын алса екен дейді. Ал егер әділдік орнамаса жоғарғы сотқа дейін арызданбақ.

Марқұм 27 жаста болған. Артында 3 баласы қалды. 

Талқылау