"Біреуге ыстық, біреуге суық": Қазақстанда жылу қандай жағдайда өшіріледі

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ауа райы ыстық кезде жылуға артық төлемеу үшін не істеу керек екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Есімхановтың сөзінше, жылыту маусымын аяқтау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
“Жылу беру орташа тәуліктік ауа температурасы белгілі бір деңгейге жеткенде тоқтатылады. Бұл нормалар жылдар бойы қалыптасқан. Біреуге ыстық, біреуге суық болуы мүмкін. Сондықтан осы ережелерді сақтау керек”, – деді вице-министр.
Алматылықтар аптап ыстықта жылудың өшірілмей жатқанына шағымданды: Әкімдік себебін түсіндірді
Алматыдағы жылу электр орталықтары жылдың соңына дейін газға көшеді
Сонымен қатар ол тұрғындар жылу тұтынуды өздері реттей алатынын айтты.
“Пәтерде ыстық болса, қазір көп үйде ортақ есептегіш құралдар мен автоматтандырылған жылу пункттері бар. Бұл өзімізге байланысты жұмыс. Жүйені реттеп, жылуды азайтсақ, төлем де азаяды. Егер үй тұрғындары жылуды тұтынғысы келмесе, оны өшіре алады. Ондай жағдайда есептегіш бойынша төлем есептелмейді”, – деді Есімханов.
Вице-министр әзірге жылыту маусымын аяқтау нормаларын қайта қарау жоспарланбағанын мәлімдеді.
“Қолданыстағы нормаларды қайта қарау мәселесі әлі де талқылауды қажет етеді. Себебі жылуды ерте өшірсек кейбір тұрғындар тоңып, шағым білдіруі мүмкін. Сондықтан әзірге бұл стандарттарды қайта қарау жоспарда жоқ”, – деді вице-министр.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда 3 сәуірден бастап жылу кезең-кезеңімен өшірілетіні туралы жазған едік.