Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауа температурасы +8°C-тан жоғары болуы керек": Алматы әкімдігі не үшін жылуды өшірмей отырғанын айтты

Фото: freepik.com

Алматы мен Астана, Қызылорда, Шымкент қалаларының тұрғындары үйлеріндегі жылуды өшіруді жаппай талап етіп жатыр. Stan.kz Алматы әкімдігінен неліктен батареялардың көктемгі жылы ауа райына қарамастан әлі де жұмыс істеп тұрғанын сұрап білді.

Күннің жылынуына байланысты Қазақстанның ірі қалаларында көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтер ішіндегі аптап ыстыққа жиі шағымданып жатыр. Желі қолданушылары түнде де терезе ашуға мәжбүр екенін, ал бөлме температурасы +25, +28 градусқа дейін көтерілетінін жазып жатыр. Алматылық Ерғали Жақсылықов жергілікті билікке белгілі бір уақытты күту керек пе деп шағымданды.

"Әкімдік, далада күн жылынып кетті, неге әлі де жылу беріп отырсыздар? Біз қажетсіз қызмет үшін өз қалтамыздан төлеп отырмыз. Неге 15 сәуірді күту керек? Халық үшін бұл артық шығын. Жылуды дереу өшіріңіздер", – деп жазды Ерғали Жақсылықов.

Фото: threads.com скрин

Көпке белгілі суретші Дарион Шаббаш та мұндай ауа райы кезінде үйде жылудың қосылып тұруы денсаулыққа зиян екенін атап өтті.

"Алда аяз болады" деп жазатындар шындықты көргісі келмейді. Алматылық тұрғын ретінде бұрын бұлай болмағанын айта аламын. Қазір жылу жүйелері адамдарды өз ақшасына қысып отыр. Үйде ұйықтау мүмкін емес, мұндай ыстық денсаулыққа зиян. Егер бір күн 14 градусқа түссе де, ешкім қатып қалмайды. Ертеңіне қайтадан ыстық болады. Бізге керек емес нәрсені күштеп таңып отыр. Ауруханаларда отадан кейінгі науқастар мұндай ыстықта қиналып жатыр, өйткені жаралар мұндай қапырықта баяу жазылады, бұл қауіпті. Балалар да үнемі қозғалыста болғандықтан, оларға да ыстық. Ал инфекциялар дәл осындай ыстықта тез таралады”, – дейді Дарион Шаббаш.

Мұндай пікірмен алматылық Анна Куген де қосылады. Жыл сайын қайталанатын бұл мәселе қоғамда екі түрлі көзқарас тудырады. біреулер пәтердегі аптап ыстыққа шағымданса, енді біреулер тоңып қалудан қауіптенеді. 

"Сәуір айында ауа райының жылынатынын ескеру керек әрі алда жаз келе жатыр. Сондай-ақ балалардың жағдайына алаңдайтын ата-аналарға құрғақ әрі шамадан тыс ыстық ауаның денсаулыққа зиян. Кейбір тұрғындар батареяларды өздігінен реттеуге кеңес бергенімен, мектептер мен балабақшаларда әлі де ыстық сақталып отыр", – деп түсіндірді Анна Куген.

Келесі тұрғын да терезесі тәулік бойына ашылып тұратынын, осы ыстық адам төзгісіз болып бара жатқанын айтады.

"Алматыда жылуды қашан өшіреді? Неге біз көшені жылытып отырмыз? Бәрі терезесін тәулік бойы ашып отыр. Үйдің іші шыдатпайды. Осы екі апталық сәуірдегі жылу беру кезеңін күздің басына ауыстырса дұрыс болар еді, ол кезде суық болады. Сәуірде 20+ градус болса, жылу не үшін керек? Көшеде адамдар футболкамен жүр", – деді тұрғын.

Фото: limosha_kz желідегі парақашасынан

Алайда пікірлер екіге бөлінеді. Бірқатар алматылықтар қаладағы ауа райының құбылмалы екенін айтып, жылыту өшірілсе, күрт салқындап кетуі мүмкін екенін алға тартады. 

Ал Елена Соволева алдағы күндері әлі суық болатынын және жылуды өшіру туралы уайымдамай, әңгімені әзірге қоя тұру керек екенін айтады.

Фото: munira_login

Енді бір Данияр есімді тұрғы "Сіздер радиатордың алдына айналма құбырмен бірге кран орнатып көрдіңіздер ме? Онда ешқандай мәселе болмайды! Менде крандар бар үйдің іші өте жайлы температурада" деп айтады.

Неліктен Алматыда жылу өшірілмей отыр?

Осы ретте Алматы әкімдігі де редакцияның сауалына жауап беріп, ауа температура +8 болған жағдайда ғана жылу өшіріледі деп пікір білдірді.

"Ресми мәліметке сәйкес, Алматыда жылыту маусымы уәкілетті органның қаулысы негізінде және "Жылыту маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларына" сай аяқталады. Яғни, сыртқы ауаның орташа тәуліктік температурасы ұзақ уақыт бойы +8°C-тан жоғары тұрақты деңгейде сақталып, ұзақ мерзімді ауа райы болжамы ескерілген жағдайда ғана тиісті шешім қабылданады. Қаулы шыққаннан кейін жылу беру тоқтатылады", – дейді Алматы әкімдігі.

Сонымен қатар әкімдік жылу тасымалдағыштың параметрлері сыртқы ауа температурасына байланысты реттеледі және ол "Сейсмикалық аудандардағы құрылыс" талаптарына сәйкес ең төменгі деңгейден төмен болмауға тиіс екенін атап өтті.

"Ал тұрғын үйлердегі жылу пункттері тұтынушылардың балансында болғандықтан, ішкі жүйедегі жылу деңгейін Пәтер иелері кооперативі (КСК) немесе меншік иелері бірлестігі (ОСИ) өз бетінше реттей алады", – деп түсіндірді Алматы әкімдігі.

Синоптиктердің мәліметінше, алдағы күндері температура +27…+29°C-қа дейін көтеріліп, тіпті көктем емес, шілденің аптабын еске салмақ. Дегенмен одан кейін Алматыда жылыту маусымының аяқталмауы алдағы суықтың әсерімен байланысты деп отыр синоптиктер. Сәуірдің алғашқы аптасынан кейін қалада ұзаққа созылатын жаңбыр жауады. Соның салдарынан ауа температурасы қазіргі +20°C шамасынан +12°C-қа дейін төмендеуі мүмкін.

Шымкент қаласында ыстық одан да күштірек сезіліп, +30°C-қа дейін жетеді. Ал Астанада ауа райы салыстырмалы түрде жұмсақ болғанымен, +20…+22°C дейін жылынады және жауын-шашын жауады деген болжам бар.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 02 Сәуір, 2026 15:13