Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Біреуді өлтіремін немесе өзім өлемін": Берденов күдікті Жиембайдың қоңырауы туралы айтты

“Әйелін танымаймын”: Руслан Берденов өзіне қастандық жасаған күдіктінің сотта айтқан мәлімдемелеріне жауап бердіКоллаж: Stan.kz

Шымкентте әкім орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін жәбірленуші тарап Руслан Берденов онлайн видеобайланыс арқылы сотта түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Берденов соттағы сөзін фото және бейнетүсірілімге түсіруге рұқсат бермеді. Прокурор жәбірленушіден сотталушы Ернар Жиембайды қашаннан бері білетінін сұрады.

"Айтқан әр сөзімді антпен ғана емес, қажет болса полиграфта, өтірік айтуды анықтайтын құрылғыда да дәлелдеуге дайынмын. Өмірімде Жиембай Ернарды бар болғаны үш рет көрдім. Екі рет жиналыста, үшіншісі ол маған оқ атқан сәтте", – деді Берденов.

Оның айтуынша, алғашқы кездесуі әкімдікте болған. Жиынға "Тұрғын үй" ЖШС басшысын шақырған.

"Ол (Жиембай – ред.) инспектор Асанбаймен бірге келді. Жиналыста біз үшеу болдық. Бірақ Ернар Жиембай ақшаның қайда жұмсалғаны, қандай жұмыс істелгені, мердігерлер, тендерлер немесе қанша үйде жұмыс жүргізілгені туралы ешқандай есеп берген жоқ. Ешқандай ақпарат айтылмады", – деді Берденов.

Берденовтің айтуынша, инспектор Асанбай Ернар Жиембайға сұрақтарға қалай жауап беру керек екенін сыбырлап отырды. Осыдан кейін кабинет ішінде сөзталас басталған.

"Мен Жиембайға "Осындай қарым-қатынаспен біз сізбен жұмыс істей алмаймыз" дедім. Ол "Керек болса, жұмыстан шығайын" деді. Мен "Жақсы, онда жұмыстан шығыңыз" дедім. Жиналыс осымен аяқталды. Кейін олар екеуі сыртқа шығып, біраз уақыт сөйлесіп тұрды. Мен олардың дауысын естідім", – деді ол.

Берденовтің айтуынша, бір аптадан кейін инспектор Асанбай қайта келіп, Жиембайдан келген мазасыз қоңырау жайлы айтқан.

"Асанбай маған "Жиембай қазір қоңырау шалды, "біреуді өлтіремін немесе өзім өлемін" деген сияқты сөздер айтты" деді. Нақты не болғанын түсінбедім. "Бәрі дұрыс па?" деп сұрадым. Ол Жиембайдың сәл ішімдік ішіп алғанын, сондай кезде осындай сөздерді жиі айтатынын жеткізді. Екінші кездесуге көмекшілерім арқылы сұранып келді. "Мен кетемін. Алатын еңбек демалысым, жұмыстарым бар еді. Соларды бітіріп, 1-2 айдан кейін кетсем бола ма?" деді. Мен қарсы емеспін дедім. "Сіз жұмысқа келген кезде бәріміз қуандық. Сіз менің кумирімсіз. Біз сізді отбасымызбен көреміз. Үлгі тұтамыз" деді. Мен жарайды дедім. Сөйтіп қолымнан алып, құшақтап кетті. Кәдімгідей жігіт пен жігіт қоштасқанда қалай құшақтасады, солай құшақтап кетті.  Біз саяси қызметкер болғасын, кабинетте барлық жабдық бар. Сол жабдықтан да тыңдауға болады әңгімемізді. Жиембайдың Нағашбек деген қайын ағасы бар. Екі кездесуді де Нағашбекпен хабарласып, ақылдасып, сөйлестірді. Ол мені таниды. Мен кірген кезде этикет сақтамайсыңдар ма деп айттым. Джинсы мен ақ футболкамен келіп тұр. Әкімшілікке келе жатырсыңдар. Әкімнің орынбасарына есеп беруге келе жатырсыңдар. Сендерде киім үлгісі болмай ма дедім”, – деді Руслан Берденов.

Руслан Берденов түсініктеме бердіФото: Stan.kz

Руслан Берденов әлеуметтік желіде белсенді екенін және сол жаққа халық тарапынан көп шағымдар келгенін айтты. Ол сәулет басқармасына, жер басқармасына, құрылыс, тұрғын үй басқармасына байланысты екенін, соның бәрін саралап отырғанын жеткізді.

“Маған "Тұрғын үйде" тендерсіз мердігерлер жұмыс істеп жатыр деген шағымдар келді. Жиембайдың өзі үлкен көлемде құрылыс материалдарын сатып алып жатқаны жайлы ақпарат келді. Мен соған байланысты сұрадым. Ол ешнәрсе айта алмады. Бірде бір бюджеттің санын айта алмады. Содан кейін мен “бұлай жұмыс істесең, сенімен жұмыс істей алмаймыз” дедім. Одан да шыға сал дедім. Басында Жиембай екенін байқамадым. Себебі біреу жүгіріп келді. Тура басыма бірінші оқ атты. Мен отырып үлгердім. Содан кейін тұрып, қараңғы болған жаққа қарай ұмтылдым. Менің артымнан 4 оқ атылды. Мен жерге құладым. Қасыма келіп, мылтығын оқтады. Сосын мен өз-өзіме айттым "Қазір тұрмасаң, болды өлесің" дедім. Бір қолым істемейді. Қолым қансырап жатыр. Мен тұрып, Жиембаймен алыстық. Мен қарудың жерге құлағанын естідім. Асфальтқа түсті. Кейін Жиембай екі-үш қадам артқа қашуға дайындалып жатты. Сол мезетте менің жүргізушім тосқауыл болып келді. Машинамен жай келіп қақты да, одан кейін Жиембай ары қарай қашты. Одан кейін мен құладым. Маған екі қыз келді. Мен оң өкпем демалмай жатқанын сездім. Себебі ауа бармай жатты. Ота кезінде де оның 20 пайызын алып тастады. Бір кезде аузымнан қанның дәмін сездім. Сол кезде өмірімнің соңы шығар деп кәлимамды айтып жаттым”, – деді Руслан Берденов.

Бұған дейін жәбірленушінің өкілі Жеңіс Тыныбек сотта тараптардың жарыссөзі өтетінін хабарлаған еді. Оның айтуынша, жарыссөз 18-19 тамызға белгіленген.


“Қуып жүріп атқан”: Руслан Берденовке қастандық жасалған сәттің видеосы көрсетілді


"Ол асфальтқа құлап, дұға оқып жатты": Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты куәгерлер сотта жауап берді


Еске салайық, бұған дейін 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған. Шенеунік жарақат алып, ауруханаға жеткізілген, оған төрт сағатқа созылған ота жасалған. Күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталды. Ол Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Кісі өлтіруге оқталу) бойынша айыпталып жатыр. Сонымен қатар 18 тамыздағы сот отырысында Руслан Берденов сөз сөйлеп, оқиғаға қатысты түсініктеме берді. Жәбірленуші Берденов оқ атқан адамның жары Луиза Алданованы мүлде танымайтынын және онымен жеке қарым-қатынасы жоқ екенін айтты. Берденов қастандықты өзінің қызметтік жұмысына байланыстырып отыр.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 18 Тамыз, 2025 12:48
Талқылау