Бірде-бір қылмыс жоқ: Ақтөбе облысында ең қауіпсіз ауылдар анықталды
Ақтөбе облысында 14 ауыл ең қауіпсіз деп танылды. 2 жылда мұнда бірде-бір қылмыс болмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Хромтау ауданындағы Тассай ауылының тұрғындары балаларын ойнауға еш алаңсыз жіберіп, түнде есікті құлыптамайды. Сөздерінше, бірнеге жылдан бері қылмыс туралы естімегендіктен, ештеңеден қорықпайды екен.
"Үлкен қылмыстың қашан болғаны есімде жоқ. Қазір жасымда 75-те. Степной ауылында тұрдым, ал мұнда көшіп келгеніме 35 жыл болды. Ешқандай оқиға болмады", – деді Тассай тұрғыны Валериф Анучин.
"Ауылымыз тыныш және жайлы. Барлығы бір-біріне түсіністікпен қарайды. Қылмыс мүлде болмады. Адамдар еш алаңсыз жүре береді, үйдің есігін құлыптамайды", – дейді Тассай тұрғыны Бекзат Шайжанов.
Ауылда қылмыс болмаса да, учаскелік инспектордың жұмысы көп екен. Себебі аумақты аралап, тұрғындармен әңгімелесу жұмыстарын жүргізетінін айтады.
"Мұнда жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болды, осы уақыт аралығында ешқандай қылмыс болмады. Жұмысым таңертең басталып, кешке аяқталады. Ауыл әкімі, мектеп қызметкерлерімен бірге рейд жүргіземіз, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргіземін. Аптасына бір рет мектепте жастармен кездесіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде көмектесемін", – деді Тассай ауылдық округінің учаскелік инспекторы Райымбек Оңғараев.
Сонымен қатар ауылда 4 бейне бақылау камерасы бар. Оларды биыл орнатыпты. Көбіне камералар тұрғындардың ұмытып кеткен заттарын іздеуде қолданылады екен.
"Мәселен, бала өз телефонын қалдырып кетеді. Біреу мұны көріп алып кетуі мүмкін. Кейін мессенджердегі топқа жазып, камера арқылы иесін іздейді", – деді Тассай ауылдық округінің әкімі Ербол Әбдіров.