Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір түйір топырақ бермейміз, бір күрек тигізбейміз": Атырауда жайылым жердің жекеменшікке сатылғанын естігін халық шу шығарды

"Жерімізді тарылтты" деген атыраулық кәрі-жас шектеуге қарамастан көшеге шықты. Олар өздері тұрып жатқан ықшамаудан іргесін жеке компания жалға алғанын естіген соң наразылықтарын білдірген. Жергілікті билік 90 гектардан астам жерді жеке меншік иелігіне 10 жылға жалға беріпті. Ашынған атыраулықтарға шенеуніктер "жер мемлекеттің меншігі" деп қысқа қайырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жайылым жерді жекеменшікке берді дегенді естіген ықшамауданның тұрғындары жиналып, наразылықтарын білдірді. Меншік иесі болған компания карьер қазуды бастаған, мұны естіген халық, көліктердің астына жатуға дайынбыз дейді.

"Жерді қазамыз дейді, бір түйір топырақ бермейміз, бір күрек тигізбейміз. Ақшасы құрысын. Біздің малымыз жайылуы керек, таза ауа жұтуымыз керек. Егер машина келсе, көлденең жатамыз. Бізге бала керек, таза ауа керек, бір жұтым ауа болмаса, бәрі қырылып қалады", - деді жергілікті тұрғын Зиба Бахитова.

"Қоғамдық тыңдау немесе осы ықшау аудандағы мыңдаған халықтың пікірін тыңдамай осындай әрекетке барып жатыр, тұрғындар қарсымыз. Біріншіден, мал бағып отырған шаруаға жайылым жер қалмайды. Екіншіден, экологиямызға қауіпті. Әкімдер халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын мүлдем ойлап жатқан жоқ", - деді жергілікті тұрғын Эльвира Қалаулиева.

Жиналған көпшіліктің арасына жерді жекеменшікке алған компания басшысы келіп, 45 гектар жерде тереңдігі 3 метрге жететін карьер қазатынын мәлімдеді. Құжаттарым заңды, әкімдіктің ұсынған жері, сондықтан жұмыс істеледі, дейді меншік иесі.

"Шешінген судан тайынбайды" дейді. Мен бастаған соң, бітіремін. Қарсы болсаңыздар оны маған емес үкіметке айтыңыздар", - деді "Элитстрой" ЖШС директоры Қадырбек Мағзом.

Табиғатты қорғау басқармасының басшыларының айтуынша, аймақтың 90 гектар жері пайдалануға беріліп, топырағы алынатыны туралы қоғамның пікірі тыңдалмағанымен, сайтқа хабарлама шығыпты. Сондай-ақ, жайылымды жекеменшікке беруге қарсы халыққа жер мен оның астындағы пайдалы қазбалар мемлекетке тиесілі екенін бірнеше рет қайталап айтты.

"Тағы да қайталап айтамын, жер қойнауындағы пайдалы қазбалар, мемлекеттің меншігінде", - деді Атырау облыстық табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева.

Жиналған көпшілікті құзырлы органдар карантин талаптарын бұзды деп таратпақшы болған еді, алайда, ашынған халық коронавирустан емес, жерімізді қорғап өлгеніміз артық деп біразға дейін тарамаған.

Талқылау