"Бір түнде 11 қойына шабуылдаған": Еліміздің солтүстігінде ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерді атуға рұқсат беруді талап етті
Еліміздің солтүстігінде ауыл тұрғындары қаңғыбас иттерді атуды талап етіп отыр. Өйткені бұралқы төбеттер ұсақ мал мен құсты қырып бітірген. Сол үшін олар бұралқы иттерді ату туралы заңды қайтару туралы арнайы петиция ашып, қол жинамақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Малмен күн көріп отырған ауыл тұрғындары қаңғыбас төбеттер қорадағы малға шабуылдай берсе, аш қаламыз дейді.
Чапаев тұрғыны Раусия Төлетаеваның айтуынша, түнде қорасына сегіз ит түскен. Аш төбеттер бірден 11 қойға шабуылдап, қарындарын жарып тастапты. Таңда қансырап жатқан тек бір ғана ұсақ малды сойып үлгерген екен. Қалған мал жараланып, ақсап қалды дейді. Соның салдарынан жарты миллион теңге шығын келгенін айтады.
“Үлкен үш аналық қой кетті. 6 айлық, 7 айлық боп, әжептәуір өсіп қалған еді. Бізге оңай емес. Өйткені бір тауықтың балапаны өлсе де, ішің ауырады. Ал 12 қой бірдей кетті деген сұмдық”, – деді Чапаев тұрғыны Раусия Төлетаева.
Жұрт бұралқы иттер жаз бойы жақын маңдағы ауылдардың жүзге жуық қойын қырып кеткенін айтады. Ал қаз бен тауық түгелдей жем болды дейді. Сондықтан ауыл азаматтары жиналып, қаңғыбас иттерді ату туралы заңды қайтаруды талап етеді. Тіпті ол үшін петиция ашып қол жинамақ. Өйткені қараусыз қалған төбеттердің саны жыл санап көбейіп, көшеде адам жүргізбейтін жағдайға жетті дейді.
Ертең мал біткен соң олар адамға шабады. Балаларды мектепке жіберуге де қорқамыз. Сол балаларға да зақым жасайды. Ал оған ешқандай заң жоқ. Атуға болмайды. Сонда біз не істеуіміз керек?! Заңды өзгертсін!”, – деді чапаевтық Әнас Тұрманов.
Ауылдықтар полицияға да, жергілікті әкімдікке де арыз жазған. Бірақ бұралқы иттердің иесі болмағандықтан, өтемақыны ешкімнен өндіре алмайсыз деп кері қайтарыпты. Ал иттерді атуға тыйым салынған үш жылдың ішінде аймақта оларды ұстайтын бір де бір орын салынбаған.
“Біз ветеринария басқармасына тағы да хат жаздық. “Дәл қазір ақша бөлінгенін күтіп отырмыз, сметалық құжаттама жасалды, жер учаскесін таңдап, сол жерге ит қамайтын орын жасайды” деді. Одан басқа амал жоқ”, – деді Қызылжар ауылдық округінің әкімі Ринат Шұғайыпов.
Тұрғындар мәселенің республикалық деңгейде қаралғанын қалайды.