Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір тәулік бойы жедел жәрдем күткен Ақмола тұрғыны шыдай алмай көз жұмды

Ақмола тұрғыны жедел жәрдемді 24 сағат бойы күтіп, келмеген соң көз жұмды. Бұл шалғайдағы Баймырза ауылында болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  "Астана" телеарнасына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары ең жақын аурухана 70 шақырым жерде орналасқанын айтады. Ауылда су, байланыс, тіпті дүкендер жоқ. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектерді туыстары әкеліп береді.

"Дәрігер жоқ, амбулатория жоқ, медициналық көмек көрсететін ешкім жоқ. Жедел жәрдем шақырдық. Біздің ауылдан 70 шақырым жерде. Жедел жәрдем тек келесі күні, сыныптасым қайтыс болған кезде келді. Медбике бар, бірақ ол тек қолдан келген көмегін көрсетеді. Бірақ дәрі-дәрмектер, дәріханалар - ештеңе жоқ, осылай өмір сүріп жатырмыз", - деді жергілікті тұрғын Шарбан Ахметова.

Журналистер түсініктеме алу үшін аудандық аурухананың бас дәрігері Сайлаубек Айтмағамбетовке жүгінді.

"Бұл ауылда медициналық пункт бар. Ол алғашқы көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктермен жабдықталған. Ал жедел жәрдем аудан орталығында орналасқан. Баймырза ауылынан алыс емес жерде дәрігерлік амбулатория орналасқан. 18 шақырым жерде. Егер шақырту жедел жәрдемге келіп түссе, олар шақыртуды дәрігерлік амбулаторияға жібереді, сол жерден бірден аталған ауылға аттанады", - деп түсіндірді ол.

Тікелей эфирде жүргізуші адамның жедел жәрдемді күту кезінде көз жұмғаны туралы сұрады. Айтмағамбетов мұндай жағдай есінде жоқ екенін айтып, содан кейін ол тіпті оны теріске шығарды.

"Бұл ауылда халыққа қызмет көрсететін бір фельдшер бар. Аудандық емханадан дәрігерлер бригадасы айына бір рет шығады. Бірақ қазір карантинге байланысты шықпайды. (...) Бар болғаны 390 адам. Бұл ауылда дәрігерлік амбулатория құру мүмкін емес. Ал жақын маңдағы дәрігерлік амбулатория 18 шақырым жерде орналасқан", - деп қорытындылады Айтмағамбетов.

Талқылау