Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір медаль алсақ та жетістік": Министрлік Қазақстанның қысқы олимпиададан қанша медальмен оралатыны туралы сұраққа жауап берді

Қазақстан қысқы олимпимададан жалғыз медальмен қайтуды дәстүрге айналдырған. Бұл жолы бір медаль алсақ, бұл жетістік пе әлде сәтсіздік пе? Бұл сұраққа ОҚК-да өткен брифингте спорт және мәдениет вице-министрі Серік Жарасбаев жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

“Әр Олимпиадаға барған сайын біз медаль алуға үміттенеміз. Бір медаль, екі медаль деп айтсақ та, ол споршыларымыздың жетістігі деп есептеймін. Өйткені олар бар өмірі мен күш-жігерін сарп етеді. Жалпы тәуелсіздік алғаннан бері қысқы олимпиада түрлерінен 8 медальға ие болдық. Оның төртеуін бір ғана адам алған. Сондықтан Олимпиада да қандай медаль алсақ та жетістік деп айтуға болады. Негізінде, қысқы спорт түрлеріне ерекше назар аудару қажет деп есептеймін. Олимпиада аяқталғаннан кейін 25 ақпанда үкімет тарапынан кеңейтілген кеңес өткізілетін болады. Сол жерде бәрі талқыланады”, – деді Серік Жарасбаев. 

Сондай-ақ вице министр биыл спортшылардан қанша медаль күтетіні туралы айтты. 

“Биыл қанша медаль аламыз немесе алмаймыз деп айту қиын. Неге десеңіз, соңғы екі олимпиадамен салыстырғанда біздің спортшыларымыз басқаша деңгейде дайындалды. Өздеріңізге белгілі, соңғы екі жылда пандемия болды. Бірақ спортшыларымыз бар күшін салып, жоғары деңгейде өнер көрсетеді деп ойлаймыз”, – деді ол. 

Айта кетері, 1994 жылы қазақстандық шаңғышы Владимир Смирнов Лиллехамер қаласында өткен қысқы Олимпиадада үш бірдей медаль (алтын, күміс және қола) жеңіп алған болатын. 1998 жылғы Олимпиада тағы бір қоланы иеленді. Сол кезде конькиші Людмила Прокашев да қоланы қанағат тұтты.

Осыдан кейін екі бірдей Олимпиадада медаль болмады.

2010 жылы Елена Хрусталева биатлоннан қола жеңіп алса, 2014 жылы Денис Тен мәнерлеп сырғанаудан қоланы иеленді. Ал 2018 жылғы XХIII қысқы Олимпиада ойындарында Юлия Галышева фристайл-могулдан қола жүлдені ұтқан.

Биылғы Бейжің Олимипидасына 34 қазақстандық спортшы аттанады. Оларда спорттың 8 санаты (биатлон, шаңғымен жарыс, шаңғымен трамплиннен секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл(могул, акробатика), таушаңғысы спорты, шорт-трек, конькимен жүгіру спорты) бойынша 87 лицензия бар.

XXIV қысқы Олимпиада ойындары ақпанның 4-і мен 20-ы аралығында Яньцин, Чжанцзякоу және аспан асты елінің астанасы – Бейжің қаласында өтеді. Оған әлемнің 95 елінен 4000-нан астам спортшы қатысады.

Талқылау