Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бір көшетке 6000 теңге": Алматыда бюджет қаржысына отырғызылған ағаштардың 30%-ы қурап қалған

Алматыда соңғы 2 жыл ішінде отырғызылған 1 миллионға жуық ағаштың 30%-ы қурап қалған. Көшеттердің барлығы бюджет  қаржысына отырғызылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: gov.kz / Алматы қаласы әкмідігі

Тиісті басқарма өкілдері ағаштардың өспей, қурап қалуының себебін тікелей қаражаттың аздығымен түсіндіріп отыр. Олардың айтуынша, бір көшетке бюджеттен 500-ден 6 мың теңгеге дейін қаржы бөлінген. 

“Бұл сомаға екі жыл ішінде жасыл желек сатып алу, отырғызу және күту кірді. Осы сомаға сатып алынған жасыл желек тамырланып өсіп кетпеді, 30%-ы қурап қалды. Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен бір ағашқа арналған бюджет 16 мың теңгеге дейін көбейді. Бұл бағаға жасыл желекті сатып алу, отырғызу және сапалы күтімді қамтамасыз ету, 3 жыл бойы суару кіреді", - деді қалалық экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев.

Басқарма басшысы көшет отырғызу мәселесінде де талап күшейгенін атап өтті. Айтуынша, егілген ағаштарды тұрақты суару және көшеттің биіктігі кемінде 2,5-3 метр болуы керек. 

2022-2023 жылдары күзгі-көктемгі маусымда саябақтарда, гүлзарларда және Алматы көшелерінің бойында 973 мың көшет отырғызылған. Олардың 50%-ы 29 ұңғыма және жер астындағы су бұру жүйесін салу есебінен суарумен қамтамасыз етілді. Өсімдіктерді суару үшін қазіргі кезде арықтар арқылы өзен ағынын бағыттайтын ескі су жинағыш қалпына келтіріліп жатыр.

"Көшеттер Алматы облысының тәлімбақтарынан сатып алынды. Бұрынғы тәлімбақтар қала қажеттілігінің 60%-ын ғана қамтамасыз ететінін ескеріп, биыл көшеттер климаттық жағдайы Алматы қаласына ұқсас Түркістан облысының тәлімбақтарынан сатып алынады. Болашақта Алматы облысының тәлімбақтарынан көшет тапшылығы жоспарлы жұмыс есебінен шешіледі, бұл тәлімбақтардың жүктемесі мен өндірістік қуатын арттыруға, сонымен қатар ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік береді", - деді басқарма басшысы.

20 қыркүйектен бастап Алматыда күзгі ағаш отырғызу басталады. Қала көшелерінде жалпы саны 298 мың көшет отырғызылады. Күзгі жұмыс қаланың барлық ауданын қамтиды. 

Сарапшылар ағаштардың өспей, қурап қалуының басты себебі қаладағы ағаш отырғызу жұмыстары бас жоспардан тыс жүргізіледі дейді. Тіпті ретсіз отырғызыла беретінін айтады. 

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессоры Талғат Кертешев көшет егудің жүйесін түбегейлі өзгерту керек деп санайды. Бұдан былай ағаш өсіру ғылыми негізде және Бас жоспарға сәйкес жүргізілу керек деп санайды.

"Жоспар бойынша қаланың оңтүстік-шығыс бөлігінде көптеген саябақ пен сквер бар, бірінші әр кесілген ағаштың орнына он көшеттен отырғызуды қолға ала отырып, апатты және ескі ағаштарды кесу мәселесі тұр. Ал өндірістік ғимарат пен көлік көп жүретін қаланың солтүстік-батыс бөлігінде, тиісінше, атмосфераны ластайтын зиянды заттар көп болғандықтан, жасыл желекті көптеп отырғызу қажет", - деді Талғат Кертешев.

Талқылау