“Бір кісі ішімнен бір ұрды”: Ерболат Төлегенов тойдағы қызықтарын айтып елді күлдірді
Ерболат Төлеген тойда болған қызықты оқиғаларын еске түсірді. Әзілкеш Шмән образында талай тойда өнер көрсеткенімен, бірнеше рет келіспеушілік жайттарды бастан өткерген.
Бұл туралы “Түнгі хабар” бағдарламасында айтылды.
Ерболат Төлегенов студент шақтан бастап тойда өнер көрсетеді. Ең алғаш той қонақтары алдына “Шмән апа” рөлімен шыққан. Кейін бұл образды сахнаға алып шықты.
Ал көрермен арасында әженің рөлі үшін сөгетіндер де, керісінше жақсы бағалайтындар да бар.
“Мен шынымды айтсам, бұл образды ойдан жасадым. Студент шақта ақша керек болды. Жатақханада құр жатпай ақша табу керек болды. Үйде ақша сұрамаудың амалы. Қасымда серіктесім бар. Ол ақсақал, мен әжеймін. Солай “Шмән”деген образ туды. Тойларға шығам. Кейбіреулер мені шын әже екен деп ойлады. Бір күні тойда сөйлеп тұрсам, бір ер кісі маған тесіліп қарап тұр екен. Өзі ішімдік ішкенге ұқсайды. Менің ер адам екенімді түсінді ме, ұзақ қарады. Жақындап келді де, бар күшімен ішімнен бір ұрды. Мен дем ала алмай қалдым. Дем жетпей қалды. Солай қоштастым да шығып кеттім. Сыртқа шыққан соң екеуміз жекпе-жек төбелестік. Мен кемпірдің киімімен, ол костюм-шалбарда. Солай қызық болған. Ол неге халықты алдап жүрсің деп ренжіді. Мені шын әже екен деп жүріпті”, – деді әзілкеш.
Төлегенов серіктесімен де той алдында төбелесіп, артынша татуласқанын айтады.
“Қасымда шалдың рөлін ойнайтын досым бар еді. Дәл тойға шығар алдында келіспей қалдық. Төбелесе кеттік. Біреуміз әже, біреуміз ата. Бізді ажыратып жүр. Асаба атымызды атап шақырып жатыр. Тойға кіре сала образда ойнап кеттік. Сондай да қызықтар болған”, – дейді Ерболат мырза.
Әзілкеш көпке танылмай тұрған уақытта базарға өзі барып, Шмән образы үшін көйлек алатын кездерін еске алды.
“Ол кезде қара базарға барып, кемпірдің киімін алатынмын. Әжеме керек деп өзім киіп көремін. Сатушылар әжеңіз қандай дәу кісі деп таңғалады. Ол кезде мен толық едім. Қазір ел суретке түсіріп алады. Базарға бара алмаймын”, – деп күлді.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
