"Билікке жасалған ескерту": Депутат Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты пікір білдірді
Фото: parlam.kz
Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың пікірінше, бұл қылмысты "билікке жасалған ашық ескерту" деп атауға болады.
"Менің ойымша, бұл – мемлекетке жасалған ашық ескерту. Егер бұл расымен тапсырыспен жасалған қылмыс екені дәлелденсе, онда бұл – билікке түкіргенмен тең, бұл – билікке жасалған ескерту. Себебі мен Руслан Берденовты адал, тәртіпті адам ретінде білемін. Онымен бірге жұмыс істегенмін, осыдан 3-4 күн бұрын ғана бір мәселе бойынша сөйлескен едік. Оған дейін де байланыста болдық. Ол қалада тәртіп орнатқысы келетінін айтқан. Меніңше, бұл біреулерге ұнамай қалған секілді", – дейді Жаңбыршин.
Сондай-ақ депутат бұл іс бойынша сот процесін ашық түрде өткізу керек екенін атап өтті.
"Менің ойымша, ең алдымен тапсырыс берушіні табу қажет. Мұндай жағдай қайталанбауы және баршаға сабақ болуы үшін сот ашық түрде өтуі тиіс деп есептеймін", – деді депутат.
Жаңбыршин оқиғаға қатысты желіде тараған түрлі жорамалдар мен болжамдар тергеу барысына кедергі келтіріп, жәбірленушіге зиян тигізуі мүмкін екенін атап өтті.
Еске салсақ, 21 сәуір күні Шымкент әкімдігінің алдында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қарулы шабуыл жасалған еді. Күдікті оған үш рет оқ атып үлгерген. Мұны Берденовтің қызметтік көлігінің жүргізушісі байқап, тез арада газды басып, күдіктіні көлігімен қаққан. Осы жағдайдан соң әкім орынбасарына шұғыл ота жасалып, қазір жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.

"Саусақтары күйіп, денесі құрысып қалды": Талдықорғанда Kaspi терминалын ұстаған баланы тоқ соқты (видео)
