BI Group Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай суретшінің мемориалды музей-үйін жаңартып берді
Қазақстанның халық суретшісі, қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орай оның Алматыдағы музей-үйі реставрациядан соң қайта ашылды. Музейді жөндеуді BI Group компаниясының қолдауымен es-Studio жүзеге асырған. Мұндай жаңалық – әйгілі кескіндемешінің 120 жылдық мерейтойына әрі Қазақстанның Тәуелсіздік күніне арналған тарту. Сонымен қатар мемориалды музей-үйінің жаңа экспозициясы мен суретшінінің "Баға жетпес мұра" туындылар көрмесі ашылды.
Бекқожин 6А мекенжайындағы 4 бөлмелі үйде Әбілхан Қастеев 15 жыл тұрған. Кейін 2004 жылы балалары үйді музей етуге мемлекетке өткізген. Бірақ бұл үй мемориалды музей болып тек 2014 жылы жұмыс істей бастады. Биыл міне музейдің 10 жылдығында оны жөндеп, қайта ашып жатыр.
"Өнер мен мәдениетке зор үлес қосқан, халқының мақтанышы болған қасиетті бауырымыз Әбілхан Қастеевтің өзі тұрған үйі музей ретінде қайта жаңарып жатыр. Өзі осында көптеген шығармаларын дүниеге әкелген, бақшасында гүлдер мен жеміс ағаштарын өсірген. Бұл үйге зиялы қауым өкілдерінен бастап, қарапайым ауылдас, жерлес ағайын жиналған, үйден қонақ үзілмеген. Бүгін қазақ мәдениеті мен өнері үшін үлкен мереке! Алматыдағы музейіміздің жаңадан ашылған қуанышына келіп тұрсыздар, қадамдарыңыз құтты болсын!", – деді суретші, Ә.Қастеев мемориалды музей үйінің жетекшісі Еркін Нұразхан
Музейді жөндеуді BI Group компаниясы қолдаған. Бұл туралы Әбілхан Қастеевтің қызы Гүлдария Қастеева айтып берді. Осыдан біраз ай бұрын BI Group компаниясы суретшінің туыстарына рұқсат сұрау мақсатында хабарласқан. Сонда кескіндемешінің қызы ескірген мемориалды музейді жаңартқысы келетінін айтқан екен.
"BI Group компаниясы Астанада салынатын бизнес класс тұрғын үйді еліміздің атақты қайраткерінің есімімен атасақ деп хабарласты. Мен бірден келістім, ешкім қарсы болмады. Сонда BI Group-қа әкеміз тұрған музей-үйді жөндеткіміз келеді деп өтініш айтып көрдік. Компания өзі жөндемесе де, осы игі іске деп 15 миллион теңгесін бөлді. Содан es-Studio және оның жетекшісі Серік Есентаев осы істі қолға алып, өзі де қаржысын қосып, балалығымыз, бақытты отбасылық сәттеріміз өткен үйді жөндеп, бүгін қайта ашып отырмыз. Бұл – бәріміз үшін өте қуанышты жағдай", – деді суретшінің қызы Гүлдария Қастеева
Музей-үйге реставрация жасап, қайта жаңартқан es-Studio жетекшісінің айтуынша, басты тапсырма үйдің алғашқы қалпын және мәдени рухын сақтап қалу болды. Құрылысшылар 100-ден аса элементті жаңартып шығыпты.
"Едені, қабырға, шатыры, электр жүйесі, құбырлар – бәрін жөндеу керек болды. Оңай тапсырма болмады, жалпы бәрі 100-ден аса элементті жаңарттық. Жөндей отырып тарихи ғимараттың алғашқы көрінісін, рухын сақтап қалу керек болды. Ол үшін сол заманның шеберлері керек еді. Оларды арнайы іздеп, Алматыға алдырдық. Байқасаңыздар, үйдің қабырғасының түсі саманның түсіндей, ашық қоңыр, сарғыш. Терезелер де ағаштан, сол замандағысын қалдырдық. Барлық жұмысты 58 күнде аяқтадық”, – деді es-Studio жетекшісі Серік Есентаев.
BI Group-тың Бизнесті дамыту жөніндегі директоры Асан-Али Жұмабаевтың айтуынша, компания бизнес кластағы үйді отандасымыз әрі атақты қайраткердің есімімен атауды көптен ойластырып жүрген. Ал салынып жатқан Qasteev тұрғын үйінің маңы жасыл желегімен бейнелеу өнерін еске салады. Сол үшін компания тұрғын үйді суретші Әбілхан Қастеевтің есімімен атадық дейді.
"Астанадағы тұрғын үйді жобалағанда оны қазақтың атақты қайраткерінің есімімен атағымыз келді. Ол үй Ботаника бағының қасында, ондағы жасыл желек, әдемі пейзаж сурет өнерімен ұстасып тұрғандай. Содан бизнес класс тұрғын үйді белгілі суретшіміз Әбілхан Қастеевтің есімімен атағымыз келеді деп, туыстарынан рұқсат сұрадық. Балалары, бүкіл ағайыны бұл ұсынысымызды жылы қабылдап, келісті. Осылайша тұрғын үйді Qasteev деп атадық. Бұл үй атақты суретшінің атымен аталғандықтан оның дизайны, сәулеті, ландшафты өзгерек болады. Үйдің жалпы холдарында Әбілхан Қастеевтің төл туындыларын ілу жоспарланып отыр. Бұл үйде тұратын әр адам оның ерекшелігін, көркем суретке байланысты тарихын сезіп тұратындай атмосфера жасалады. Суретшінің отбасына хабарласқанда мемориалды музей-үйі бар екенін, 120 жылдық мерейтойы келе жатқанын біліп, es-Studio серіктестігімен бірге музейдің реновациясына да үлесімізді қостық”, – деді BI Group компаниясының Бизнесті дамыту жөніндегі директоры Асан-Али Жұмабаев.
Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірінің есімі берілген тұрғын үй келесі жылдың соңына қарай берілмек. Сонымен қатар компания жаңа тұрғын үйлерді атақты тұлғалардың есімімен атау тәжірибесін алдағы уақытта да қарастырамыз деп отыр.
Ал Бекқожин 6А мекенжайындағы Әбілхан Қастеевтің мемориалды музей-үйі өнер мен мәдениетті бағалайтын келушілерді қарсы алуға дайын. Музей-үй дүйсенбі-жұма аралығында ашық.