Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейбіт тұрғындар азап шегуде": Сенат спикері Таяу Шығыс пен Украинадағы қақтығыстарға қатысты Қазақстанның ұстанымын нақтылады

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХІІ отырысында сөз сөйлеп, Таяу Шығыс пен Украинадағы қарулы қақтығыс жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар қақтығыстарға қатысты Қазақстанның ұстанымын да нақтылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: religions-congress.org

Мәулен Әшімбаев бейбіт тұрғындар арасында құрбандар болмауы үшін және жағдайдың одан әрі ушығып кетуінен сақтану үшін Қазақстанның тараптарды күштік әдістерге жүгінбеуге шақыратынын жеткізді. 

“Осы орайда Таяу Шығыстағы жанжалды БҰҰ мен халықаралық құқық жарлығы аясында шешу үшін тездетіп шара қабылдаудың маңызын тағы да атап өткіміз келеді. Оның үстіне Украинада да қанды қақтығыс жалғасып жатыр. Әлемде “қақтығыс орындары” көбейіп келеді. Жанжалдардың одан әрі ушыға түсуі соңғы онжылдықтағы халықаралық қауымдастық жетістіктерін жойып, қару-жарақ жарысына алып келеді. Ең бастысы, бейбіт тұрғындар азап шегіп, жазықсыздар опат болып жатыр”, – дейді Әшімбаев. 

Сенат спикерінің сөзінше, халықаралық жағдайдың ушығып тұрғанын пайдаланып, түрлі күштік құрылымдар радикалды идеологияны дамытуға тырысып жатыр. 

“Олар ксенофобияны дамытып отыр. Әлемде террористік және экстремистік топтардың белсенділігі артты. Мұндай теріс тенденция кедейлік пен теңсіздік, қоршаған ортаның бұзылуы мен климаттық дағдарыстың ушығуына алып келеді”, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сенат спикері нейрожелілер мен жасанды интеллекеттің дамуы да қызу талқының көзіне айналғанын айтады. Жаңа технологиялар дамуға жол ашқанымен, жаңа қауіп-қатерге де жол ашатынын қосып өтті. 

“Сарапшылардың айтуынша, ақпарат саласындағы басты қауіп жалған деректер мен фейктердің кең дамуы болып отыр. Бұл жолда жасанды интеллект те қолданылуы мүмкін. Салдарынан этникалық, діни және әлеуметтік топтардың қақтығысына әкеп соғуы ықтимал”, – деп түсіндірді ол. 

Айта кетейік, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезі Хатшылығының ХХІІ отырысы өтіп жатыр. Отырысқа әлемнің 20 елінен 30-ға жуық діни көшбасшылар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысады. Олардың ішінде Әзірбайжан, Ватикан, Ұлыбритания, Мысыр, Израиль, Үндістан, Иран, Катар, Қытай, Сауд Арабиясы, Моңғолия, БАӘ, Пәкістан, Португалия, Корея, Ресей, Тайланд, Швейцария, Жапония, сондай-ақ Қазақстан бар. Хатшылықтың жұмысына сонымен қатар Қазақстандағы діни бірлестіктердің: ислам, православие, католицизм, лютеранизм және иудаизмнің атынан олардың басшылары қатысады

Талқылау