"Бетіндегі меңіне ғашық едік": Бір топ шоу-бизнес өкілдері марқұм Гүлнәр Сиқымбаеваны еске алды
63 жасқа қараған шағында дүниеден озған әнші Гүлнәр Сиқымбаеваны өнердегі әріптестері еске алып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sihimbaevagulnara/
ҚР еңбек сіңірген әртісін әнші Сәкен Майғазиев сағынышпен еске алып, әсерлі жазба жариялады.
“Тіріңде сыйласпасаң, өлген соң жыласпа” деген қазақ атам. Гүлнәр әпке мен ауылдың ойын баласы болып жүрген кезімде елге әнсапармен келген еді. Гүлнәр Сиқымбаева әпкемнің дауысын ғана емес, бетіндегі меңіне дейін ғашық болғам. Бала махаббат қой. Кейін Алланың қалауымен, әріптес болдық. Бір сахнада өнер көрсеттік. Созақ ауданының Шу елді мекеніне келген кезін есіне түсіріп, ғашық болғанымды өзіне көрген сайын айтып қалжыңдасатынбыз. Наурыз айында өткен Алматыдағы "Музарттың" концертіне билет керек деп хабарласты. Билет тапшы кезде екі билеттің табыла кеткеніне қатты қуандым. Ниетім – әпкемнің көңілін қалдырмау. Мейірімі шексіз жаратқан жәннатты нәсіп етсін”, – деп жазды әнші.
Одан кейін Халық әртісі Мақпал Жүнісова да “Гүлдер” ансамблінде жұмыс істеген кезден сыр шертті.
“Әріптесім Гүлнәр Сиқымбаева өмірден озды деген суық хабар жеткенде бірге "Гүлдер" ансамблінде қызмет еткен кездер, жатақханада бірге тұрған жылдар көз алдыма тізбектеле берді. Өте қарапайым, көкіректігі жоқ, адами қасиеті мол қыз еді. Кейін мен "Гүлдер" ансамблінен кетіп, Қазақконцертке кеткесін сирек жолығатын болдық. Бірақ жолыға қалсақ арқа-жарқа боп, өткен жылдарымызды еске түсіріп, жақсы әңгіме айтып, сол шақтың қайтып оралмайтынына күрсініп қоятынбыз. Енді небәрі 63 жасында қоштасып қала бердік. Жаның жәннаттың төрінде болсын, Гүлнәр замандас. Байыр балаң, немерелер ғұмырлы болсын, жақындарыңа қайғырып көңіл айтамыз. Қош бол, замандас", – деп жазды Мақпал Жүнісова.
Еске салайық, өнер иесінің неден көз жұмғаны анықталған еді.