Қазақстанда қай өңір тұрғындары көбірек "Бесбармақ" тағамын жейтіні белгілі болды
Фото: МТРК "Мир"
2025 жылдың басынан бері Астана мен Алматы тұрғындарының сатып алу қабілеті басқа өңірлерге қарағанда төмендеп, “Бесбармақ” индексі бойынша аутсайдерлер қатарына енді. Ал ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарында тіркелді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ҚазТАГ порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Индексті есептеу үшін ұлттық статистика бюросының деректері негізге алынған. II тоқсандағы орташа айлық жалақы – 448 620 теңге. Бұл сома төрт адамнан тұратын отбасыға арналған бесбармақ дайындауға қажет өнімдердің бағасымен салыстырылған. Рецептке 2 келі ет (қой және жылқы еті), жарты келі ұн, 1 жұмыртқа, 0,3 келі пияз және жарты келі картоп кіреді.
3 қазан күнгі жағдай бойынша "Бесбармақ" индексі 42,05 деңгейінде қалыптасты. Бұл жаңа 2025 жыл қарсаңындағы көрсеткіштен 2,85 пунктке жоғары. Яғни соңғы тоғыз айда қазақстандық отбасының ет пісіру мүмкіндігі сәл артқанын көрсетеді.
Алайда өңірлер арасындағы айырмашылық айқын: ең жоғары индекс Солтүстік Қазақстан облысында – 49,5, ал ең төменгісі – Астана мен Алматыда – 37. Бұл екі ірі қала тұрғындарының сатып алу қабілеті басқа өңірлерге қарағанда едәуір төмен екенін білдіреді.
Солтүстік Қазақстан облысынан кейінгі көшбасшылар қатарында:
• Қостанай облысы – 49
• Ақтөбе облысы – 48
• Маңғыстау облысы – 46
• Павлодар облысы – 45
Орташа деңгейден жоғары сатып алу қабілеті байқалған өңірлер:
- Жамбыл және Түркістан облыстары – 44
Орташа көрсеткішке жуық өңірлер:
• Батыс Қазақстан облысы – 43
• Атырау облысы – 42
Орташа деңгейден төмен өңірлер:
• Ақмола, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы – 41
• Ұлытау облысы – 40
Ал аутсайдерлер қатарында Астана мен Алматыдан бөлек:
• Алматы және Жетісу облыстары – 39
• Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облыстары – 38
Ең қымбат ингредиент – жылқы еті. Жылқы етінің ең жоғары бағасы Алматыда – 1 келі үшін 6450 теңге, ал ең төмені Ақтөбе облысында – 4700 теңге.
Қой еті бойынша ең қымбаты – Шығыс Қазақстан облысында (5600 теңге/келі), ең арзаны – Қостанай мен Ақтөбе облыстарында (4000 теңге/келі).
- Ұн ең қымбат – Шығыс Қазақстан облысында (580 теңге/келі), ең арзан – Ақмола облысында (450 теңге/келі).
- Жұмыртқа ең қымбат – Алматыда (820 теңге/ондық), ең арзан – Ақмола облысында (650 теңге/ондық).
- Пияз ең қымбат – Абай облысында (310 теңге/келі), ең арзан – Қостанай облысында (100 теңге/келі).
- Картоп ең қымбат – Абай облысында (330 теңге/келі), ең арзан – Павлодар облысында (140 теңге/келі).
"Бесбармақ индексі" ел тұрғындарының нақты табысы мен күнделікті тұтыну мүмкіндігін ұлттық тағамды әзірлеу мысалында көрсетуге арналған көрсеткіш болып табылады.
Қазақстанда сиыр етінің қымбаттауына байланысты жедел желі іске қосылды
Еске салайық, бұған дейін сауда министрлігі ет пен басқа да әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын өсірген кәсіпкерлерге айыппұл салды. Биыл 2500-ден астам бұзушылық анықталып, 56,5 миллион теңгеден астам айыппұл кесілді. Бағаны тұрақтандыру үшін мониторингтік топтар құрылып, “Береке Fest” акциясы мен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады.

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді
