Бес боксшымыз Бакудегі бәсекенің алтын жүлдесіне таласады
Бокстан Қазақстан құрамасының бес боксшысы Әзірбайжанда өтіп жатқан турнирдің алтын жүлдесі үшін жұдырықтасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Олимпиада комитеті
Теміртас Жүсіпов пен Сағындық Тоғамбай бастаған былғары қолғап шеберлері Баку қаласында өтіп жатқан “Ұлы жібек жолы” турнирінің алтын жүлдесі үшін жұдырықтасады. 2021 жылғы әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов 48 келіде қарсылас шақ келтірмей, ақтық сынға шықса, 54 келідегі Тимур Қабдешов те финалға еш қиналмай жетті. Жартылай финалда ресейлік Адам Алиевті жеңген Теміртас ақтық айқаста Хасан Маликовпен қолғап түйістірсе, Қабдешов өзбекстандық Худжаназар Нортожиевке қарсы шығады.
Ал 60 келіде жұдырықтасқан Талғат Сырымбетов жартылай финалда өзбекстандық Бахтиор Асадовтан басым түсу арқылы финалда жергілікті спортшы Азрак Бабировпен жекпе-жек өткізеді. 71 келідегі Дархан Дүйсебай да өзбек боксшысы Бекзод Хамидовке қарсы айқасады. Ауыр салмақтағы Сағындық Тоғамбай Бакудегі турнирдің финалында әлем чемпионы Лорен Альфонсо Домингеспен айқасады.
Айта кетейік, бұған дейін олимпиада ойындарының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев пен әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановтың алғашқы айналымында ұтылып қалғанын жаздық.