Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Берденовке қастандық жасады деген күдіктінің әйелі оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды

Фото: Шымкент әкімдігі

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке шабуыл жасады деген күдіктінің әйелі оқиғаға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстандық Луиза Алданова Instagram желісінде өз жазбасын жариялады.

Оның айтуынша, өткен ай отбасы үшін ауыр сынақ болды. Енді ғана ол және жақындары есін жиып, қалпына келе бастағанын айтады.

Әйел "әр минут, сағат, күні" ​​уайымдаумен болғанын, жапа шеккен Берденовтың амандығы үшін дұға еткенін атап өтті. Жақында Алданова оның ауруханадан шыққанын білгенін түсіндірді. Ол оның тезірек сауығып, жұмысқа оралуын тіледі. 

“Жалпы, менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де, Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен...”, – деді әйел.

Ол болған оқиғаны тағдырдың сынағы деп қабылдайтынын және сабырлы болуға тырысатынын баса айтты.

Алданова осы жағдайға “қатысы бар” деген қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарды.

“Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық. Баршаңыздың қолдауларыңызға, тілек-ниеттеріңізге рахмет айтамын!”, – деді ол.

Еске салсақ, 22 сәуірге қараған түні Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны туралы ақпарат тарады. Ол  жамбас және иық тұсынан оқ жарақатын алып, ауруханаға жеткізілді. Оған шұғыл түрде ота жасалды. Шабуылдың алдын ала себебі ретінде бірнеше нұсқа айтылды. Бірі Руслан Берденов шабуыл жасаған адамның әйеліне тиісті десе, енді бірі бұл жағдайды Шымкенттегі құрылыс саласындағы былықтармен байланыстырды. Кейінірек әкімдік өкілдері шабуыл жасаған адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді.

22 сәуірде Руслан Берденовке қастандық жасаған деп күдіктелген Ернар Жиенбай туралы деректер тарай бастады. Онда Жиенбай Берденовті қызметінен босатпақ болғаны үшін кек алу мақсатында атқаны айтылған.

Кейін Ернар Жиенбайдың әкесі мәлімдеме жасап, тергеу мен сот әділ түрде істің барлық мән-жайын анықтайтынына сенім білдірді. Сонымен қатар халықтан асығыс қорытынды жасамауды және эмоцияға берілмеуді сұрады.

Бас прокуратура өкілдері істі Шымкент қаласының полиция департаменті тергеп жатқанын хабарлады. Тергеу Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысты істеуге оқталу) және 99-бабы 2-бөлігінің 6-тармағы (Басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу) бойынша жүргізіліп жатқаны мәлім болды.

 

Қырмызы Скендирова
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 08:54
Талқылау