Бекетаев пен Байбекке қатысы бар компания басшысы тергеуге алынды
Бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев пен Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекке қатысы бар "Bolashak Consulting Group" ЖШС-нің бас директоры Сағидолла Баймұратқа қатысты тергеу басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Nege.Aqsha Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Коллаж: Stan.kz
Басылым 2024 жылы 26 тамыздағы сот құжатына сілтеме жасайды.
"Жоғарғы есеп соты Әділет министрлігіне аудит және серіктестікке қарсы тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы әлі құпия санатында. Ал материалдар қылмыстық іс аясында тәркіленді. Бұған дейін "Болашақ" консалтингтік тобы Қазақстанның мүддесін шетелде қорғаған. Оның ішінде молдовалық кәсіпкерлер Габриэль мен Анатол Статиге қатысты іс те бар. Кезінде "Ақжол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев компанияның жылына 60 миллион долларға дейін ақша алатынын айтқан еді. Қазақстандық БАҚ бұл компанияны бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев пен Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбекпен байланыстырады", – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаевтің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген күдік бойынша ұсталғанын жазған едік. Бекетаев қаңтар оқиғасы бойынша кінәлі деп танылды. Ол қазір жазасын өтеп жатқан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовке жақын саналады.
Айта кетейік, Бекетаевтың қаңтар оқиғасына дейін кеңесшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының экс-басшысы Талғат Татабаев болған. Кейін ол елден қашпақ болған жерінде ұсталған.
2024 жылдың 12 шілдесінде Антикор Бекетаевқа қатысты тергеу аяқталғанын хабарлады. Оған 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірді деген айып тағылған.

"Мені қазақ емес деп ойлайды": Желіде Қазақстан туралы айтып жүрген америкалық жігіт көпті тәнті етті
