"Бекболат Болманов сабағына 3-ақ рет келді": Студент барлық айыптауларға жауап берді
Жуырда "Фейсбук" әлеуметтік желісінде Зарина есімді қолданушы отандық жұлдыздарды құрмет-беделін пайдаланып, қарпайым отбасынан шыққан оқушылардың оқуға түсу мүмкіндігін тартып алмай, өз беттерінше ақысын төлеп оқуды сұрады. Айтуынша, былтыр 128 балл жинап, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің "Экономика" факультетіне түскен Қыдырәлі мен Қарақаттың баласы Бекболат Болманов оқу орнына бір жыл ішінде бар болғаны 3 рет бас сұққан. Stan.kz тілшісі жұлдызды жұптың тұңғышына хабарласып, мәселенің ақ-қарасын анықтады.
Әлеуметтік желі пайдаланушысы жұлдыздар өздерімен қоймай, енді атақ-дәрежелерін пайдаланып, балаларын да оқуға түсіріп жатыр деп айыптады. Қазақстандық әйелдің сөзінше, мемлекет қазынасынан оқытылып жатқан жұлдыздар да, олардың балалары да сабаққа келіп жарытпайды екен. Ал Болмановтың баласы туралы мәліметпен аталған университетте сабақ беретін профессорлардың бірі бөліскен. Сонымен қатар Зарина есімді пайдаланушы осы мәселеге Білім және ғылым министрілігі өкілдерінен назар аударуды сұрап, "жұлдызды" студенттердің сабаққа қатысуын тексеруін талап еткен.
Қазір "Экономика" мамандығы бойынша бірінші курсты тәмамдаған Бекболат студенттік өмірдің басталуымен өзіне артылған жауапкершіліктің салмағын сезінгенін айтты. Ол жұлдыздардың балалары әке-шешесінің арқасында жоғары оқу орнына түседі дегенмен келіспейді екен.
"Қарақаттың өзі таңқалатын жағдай болады": Нұрсұлтан Құрман жеке өміріндегі өзгерістер туралы айтты>>
"Ата-анам менің әр шешімді қолдайды, көмектесуге тырысады. Бірақ білім жағынан жеткен жетістіктеріме ол кісілердің еш қатысы жоқ, оқуға грантқа анам мен әкем түсіріп берді деп айта алмаймын. Мен өзім білімге келгенде көздеген мақсатыма жету үшін ата-анамның дәрежесін араластырған емеспін.
Көбісі тегіме қарап Қыдырәлі мен Қарақаттың баласы болған соң, оған барлығы оңай келеді деп ойлайтын шығар, бірақ олай емес. Негізі менің өзге студенттерден еш артықшылығым жоқ. Жалпы, менің ойымша, танымал адамның баласы болғандықтан деп өзгеге ренжудің, өкпелеудің қажеті шамалы. Өзінің ақыл-санасы бар адам уақытын өмірге, басқаға ренжумен емес, әрдайым өзін жетілдіріп, дамытып отыруға жұмсайды", — дейді былтыр ҰБТ-дан 128 балл жинаған Болманов. Ол биылғы мектеп түлектеріне алдағы сыннан сүрінбей өтіп, жоғары балл жинауды тіледі.
Естеріңізге сала кетсек, былтыр Мейрамбек Беспаев, Қайрат Нұртас, Жанар Дұғаловаға қатысты шу шығып, жұлдыздардың сабақтарына қатыспаса да, мемлекеттік грантты пайдаланып отырғаны төңірегінде дау-дамай туындаған еді.