“Бек Эйр” ұшақ шассиінің ашылмай қалуының себебін түсіндірді
“Бек Эйр” әуе компаниясы ұшақ шассиінің не себепті ашылмай қалғанын түсіндірді.
Аталған компания жолдаған пресс-релизде “Қазіргі уақытта болған оқиғаның нақты себебі анықталды. Алдыңғы шассиінің ашылмай қалуына гидроагрегат тартпасы арқанының сыналануы себеп болған. Ол цилиндрдің жиналуын және ұшақ шассилерінің түсуін басқарады. Аталған цилиндрдің жиналуы мен ұшақ шассиінің түсуінен гидроқұлып әсері пайда болған. Оқиғаның себебі “Бек Эйр” әуе компаниясының инженерлік-авиациялық қызметімен анықталды және оған Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін өндіруші зауыттың техникалық мамандары мен көлік прокуратурасы өкілдері қатысып, барлық жұмыс авиациялық оқиғаны тергеу комиссияның бақылауымен жүзеге асты. Жақын уақытта Fokker-100 үлгісіндегі әуе кемелерін өндіруші зауыт “Бек Эйр” әуе компаниясына ресми құжат жолдайды, ол авиациялық оқиғаны тергеу бойынша комиссияға, көлік прокуратурасына жіберіледі әрі әуе компаниясының сайтында жарияланады”, – деп хабарланған.
Осылайша Fokker-100 UP-F1012 ұшағына қатысты болған апатты оқиғаның себебі эксплуатациялық ақаулар еместігі анықталған. Бұл – құрастырмалы-өндірістік ақау.
Мұнымен қатар, пресс-релизде мұндай құрастырмалы-өндірістік кемшіліктер мерзіміне қарамастан барлық ұшақта болуы мүмкін екендігі айтылған.
“Әуе кемесінің жерге сәтті қонуы үшін міндетті түрде ішінде өз ісінің мамандары болуы тиіс. Ал “Бек Эйрде” мұндай мамандар бар. “Бек Эйр” әуе компаниясының экипаж мүшелері уақыт өте келе (алты айда бір рет) Амстердамда орналасқан CAE training center орталығында дайындықтан өтеді”, – деп хабарланған.
Fokker-100 әуе кемесін жасап шығарушы зауыт дәл мұндай оқиғаның тарихтарында бірінші рет болып тұрғандарын айтады. Олар экипаж мүшелерінің салқынқандылық танытып, өз істерін сапалы атқара білгендерін тілге тиек етті. Жақын уақытта Fokker ұшақтарына түрлі техникалық бағдарлама енгізілмек.
27 наурыз күні Қызылордадан Астанаға бағыт алған “Бей Эйр” компаниясының ұшағының апатты жағдайда қонғанын хабарлаған болатынбыз. Әуе компаниясының басқарушысы Нұрлан Жұмасұлтановтың айтуынша, командир бұл жағдайда толықтай дұрыс әрекеттер жасаған. Ол ұшақтың артқы орталығын жасап, жерге отырғызды. Аэропорт бұл уақытта жолға көпіршік жағып қойған болатын. 30 метр жерді тұмсығымен сүзіп өткендіктен, көп жері зақымданбады. Ұшақтың командирі Дмитрий Родин – жарайсың, барлығын дұрыс жасадың”, – дейді Жұмасұлтанов.
Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев экипаждың шеберлігін ескеріп, оны арнайы марапатқа ұсынатындығын айтқан-ды.
Естеріңізге сала кетсек, апатты жағдайда қонған Bek Air жолаушысының оқиға кезіндегі жағдайды баяндап бергені туралы хабарлаған болатынбыз.