Базар маңында ветеринариялық құжаттарды сату бизнеске айналды - Жигули Дайрабаев
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Жигули Дайрабаев мал шаруашылығындағы мәселелерді көтерді. Ол базарлар маңында ветеринариялық құжаттарды сатып, бизнес көзіне айналдырғандардың көбейіп кеткендігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: mazhilis_kz / видеодан скриншот
Дайрабаев ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровқа жолдаған депутаттық сауалында жұқпалы мал аурулары жыл өткен сайын өршіп келе жатқанын айтты.
"Жыл сайын аса қауіпті инфекциялардың, яғни сібір жарасы, құтыру, аусыл және бруцеллез ауруының өршуі байқалып отыр. Мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылдың бес айында бірнеше облыста адамдардың бруцеллезді жұқтыру бойынша 19 факті тіркелген. Оның 53% ауыл тұрғындары, 47% қала тұрғындары. Жалпы, елімізде аса қауіпті мал ауруларының 68 түрі бар, ал оның 20-25 атауы бойынша ғана тегін вакциналау жүргізіледі екен. Аса қауіпті ауруларға қарсы елде жүргізілетін профилактикалық және емдік шаралар қажет нәтиже бермей жатыр. Себебі шет елден тасымалданатын вакциналарда жергілікті микрофлора ескерілмеген", - деді Жигули Дайрабаев.
Оның айтуыша, бюджеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, отандық вакциналар әлі күнге дейін әзірленбеген.
"Вакцина әзірлейтін саладағы арнайы ғылыми институттардың ұстағанның уысында, тістегеннің ауызында кетіп жатқаны бізді қатты қынжылтады. Сонда Мемлекет басшысының агротехнологиялық хаб құру тапсырмасы ветеринариясыз қалай орындалмақ? Сондықтан осы саладағы қордаланған мәселелерге министрлік назар аударуы тиіс", - деді депутат.
Депутат атап өткендей, мал басын сәйкестендірудің цифрлық жүйесінің жаңа платформасын дайындап, жуық арада қолданысқа енгізу қажет. Себебі осыдан 15 жыл бұрын енгізілген мал басын сәйкестендірудің цифрлық жүйесі әлі күнге дейін уақыт талабына сай жетілдірілмеген. Соның салдарынан мал дәрігерлері әлі де қағазбастылықтан босай алмай жатыр. Жүйенің мәліметтері көбінде шындыққа жанаспайды және де ондағы жалған, бұрмаланған немесе ескірген деректер эпизоотиялық ахуалды дұрыс бақылауға кедергі жасап тұр.
"Базарлардың маңындағы жылпостардың ветеринариялық құжаттарды сатуы пайдалы бизнес көзіне айналған. Мал өнімдерінің кауіпсіздігін анықтау жұмыстарына деген талап өте төмен. Әсіресе, ондағы антибиотиктер, биостимуляторлар мен гармондардың бар-жоғын тексеру міндеттелмеген, яғни ондай тексерістерді жүргізетін құрал-жабдықтар базарлардағы зертханаларда жоқ. Осының барлығы бұл саланың төмен құлдырауына, елдегі эпизоотиялық ахуалдың ушығуына, мал өнімдерінің экспортына тосқауыл болуына және халқымыздың денсаулығына нұқсан келтіруіне әкеліп соғып отыр. Мал дәрігері деген мамандық өзінің беделінен айырылып, елімізде осы мамандыққа деген кадр тапшылығы жыл сайын артып келеді. Бұлай бола берсе, болашақта ауылдық жерлерде мал дәрігері қалмауы әбден мүмкін", - деді Жигули Дайрабаев.
Депутат мәлімдегендей, соңғы 6 жылда 31 аймақтық мал дәрігерлік зертхана жабылған. Ветеринарлар құрал-саймандармен, арнайы киіммен, көлікпен және қосалқы бөлшектермен уақытылы қамтамасыз етілмей жатыр.